Науырзым – ел қадірлеген еңбек майталмандарының ордасы

Науырзым – ел қадірлеген еңбек майталмандарының ордасы

Биыл қасиетті Науырзым ауданына 60 жыл толып отыр. Жарты ғасырдан астам тарихы бар өңірде осы жылдар ішінде ел дамуына өлшеусіз үлес қосқан ардагерлер аз емес.

Ауданның мерейтойына орай, Науырзымның өркендеуіне үлес қосқан тұлғаларға арналған мерекелік медальдар табысталу үстінде.

Бұл – тек марапат қана емес, елге сіңірген еңбектің еленгені, ұрпаққа үлгі болатын өнегелі жолдың бағалануы.

blank

Аудандық мәслихаттың төрайымы Гүлсім Әбенованың айтуынша, мерекелік марапатқа 350 адам лайық деп танылған. Қазірдің өзінде жер-жерлерде осы азаматтарға құрмет көрсетіліп, арнайы медальдар салтанатты түрде табыс етіліп жатыр. Мәслихат төрайымы Қостанайда өткен жиында аудан әкімі Мәди Ихтиялаповтың атынан құттықтап, мерекелік медальдарды табыс етті.

blankСолардың бірі – Нұрсейіт Қасым. Ол – Науырзым ауданында жарты ғасырдан астам уақытын білім саласына арнаған, мыңдаған шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз. 1961 жылы Қызылордадағы педагогикалық институттың физика-математика факультетін бітіріп, туған жеріне оралған Нұрсейіт аға алғашқы еңбек жолын Науырзымның сегізжылдық мектебінде мұғалім болып бастады. Үш жылдан кейін оқу ісінің меңгерушісі, алты жыл өткен соң Шолақсай орта мектебіне директор болып тағайындалады.

blank

«Шолақсай мектебіне алғаш келгенімде түгелдей орыс сыныптары еді. 1983 жылдан бастап қазақ сыныптарын ашуға бел будық. Алғашқы жылы 17 бала жиналды. Сол кезде түрлі қарсылықтар болды, ата-аналар өз баласын Әулиекөлге ауыстырған жағдайлар да кездесті. Бірақ уақыт өте келе бәрі түсінді, қазақ сыныптарының маңызын ұғынды. Зейнетке шыққан жылы мектепте екі тілде білім беретін параллель сыныптар жұмыс істеді», – деп еске алады ардагер ұстаз.

Мектепте кабинет жүйесі енгізіліп, өндірістік бригада құрылып, облыстық семинарлар өтті. Оқушылар тек біліммен шектелмей, бау-бақша егумен, еңбекпен де шұғылданды. Бұл – тек бір мектептің ғана емес, бүкіл ауылдың дамуына әсер еткен ілкімді істер еді.

Нұрсейіт Қасымның бастамасымен ауылда жазғы лагерь ашылып, сегіз үй тұрғызылды. Балалар сол жерде еңбек етіп, демалды. Қырық жылдан астам уақыт директорлық қызмет атқарған оның мектебінен 1250 түлек түлеп ұшқан.

Ұстаздықпен қатар қоғамдық істерге де белсенді араласқан Нұрсейіт аға ауыл халқына газет-журналға жазылудың маңызын түсіндірумен де айналысқан. Ол кісі:

«Мектепке келген жылдан бері облыстық «Қостанай таңы» газетіне жазыламыз. Қазір де үзбей оқимыз. Бұл газет болмаса, бірдеңе жетіспей тұрғандай болады», – дейді.

Айта кету керек, мерекелік медальге ие болғандардың қатарында «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызы да бар. Бұл – жергілікті ақпарат кеңістігін дамытуға сіңірген еңбектің жемісі.

blank

Сонымен қатар, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан белгілі қоғам қайраткері, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты Олег Даниленко, Сералы Ахметов, Хамит Едіресов, Жұматай Бекбаев, Әмина Шоқпытова, Әділет Сұлтанов, Мұрат Айсағалиев, Динара Ахметов, Ғайния Есеева, Кенжеш Үзенбаева сынды азаматтар да осы марапатқа ие болды.

blankblank

blankblankblankblankblankblankblankҚорытындылай келе айтарымыз, Науырзым – тек табиғаты көркем өлке ғана емес, руханияты биік, еңбегімен ел есінде қалған тұлғалардың мекені. Алдағы ұрпақ осындай азаматтардың өнегелі жолына қарап, биік мақсаттарға ұмтылары сөзсіз. Марапат – өткеннің емес, келешектің де бағдары.

Айбек ЖҮЗБАЙ 

Суретке түсірген Жанел Құттыбай