«Нысаналы мектеп» жобасы іске қосылды

«Нысаналы мектеп» жобасы іске қосылды

Әлемдік білім кеңістігіндегі оқушыларымыздың жетістіктері мен білім сапасындағы көрсеткіштердің тұрақтылығын сақтау, жоғары деңгейге көтеру бойынша биыл елімізде үлкен жоба іске қосылды. Ол – «Нысаналы мектеп» жобасы. Қазіргі таңда педагогтердің кәсіби құзыреттіліктерін дамытуға және білім саласында жаңа идеяны іс жүзінде іске асыруға мүмкіндік беретін әдістемелік кеңістік құру зор маңызға ие болып отыр.

Мұғалімдер қауымына сапалы қолдау көрсету үшін әдістемелік қызметті жаңғырту және жүйелеу қажеттілігі туындады. Осыған байланысты, әдіскерлер мектеп мұғалімдерінің кәсіби құзыретін, әлеуетін дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Осы мақсатта қаңтар айында Қостанай ауданы, Озерный негізгі орта мектебінде «Нысаналы мектеп» жобасы аясында әдістемелік көмек көрсету жұмыстары жүргізілді. Облыстық білім басқармасы «Әдістемелік орталық» КММ басшысының орынбасары Гүлнар Өтегенова Қостанай қаласы және Қостанай ауданы мұғалімдерімен бірлесіп, оқу-тәрбие жұмыстарының тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар іс-шаралар ұйымдастырды.

Мектепке әдістемелік қолдау көрсетілді. Жаратылыстану-математика және қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша мұғалімдер сабақтар көрсетіп, мектеп мұғалімдеріне кәсіби кері байланыс берілді. Сонымен қатар, білім беру сапасын арттыру және оқушылардың білім жетістігін жақсарту мақсатымен педагогтермен кездесу өткізіліп, заманауи оқыту әдістерін енгізу бойынша ұсыныстар жасалды. Қостанай ауданы білім бөлімінің әдіскер-менторы Шынар Жаманова мектеппен өзара іс-әрекетінің нәтижелі, сапалы болуына ықпал жасауда. Сол күнгі мектептегі тәжірибе алмасу сағатында Қостанайдағы № 31 жалпы білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі, педагог-шебер Гүлшат Калимарданова 4 «А» сыныбында «Бір бағыттағы қалып қою қозғалысы» атты ашық сабақ өткізді. Сабақта мұғалім жаңа әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып, оқушылармен кері байланыс жүргізіп, сабақты жоғары деңгейде өткізді. Ал, Қостанай ауданы Н.Наушабаев атындағы мектеп-гимназиясының педагог-зерттеуші, математика мұғалімі Қаламқас Құлахметова 9 «А» сыныпта «Тригонометриялық функциялар және олардың қасиеттері» атты сабақ өткізді. Сабақтың тиімділігі – сыныптағы барлық оқушының сабақта белсенді жұмыс жасауы. Міне, ұстаздың сабағында оқушылар өз білімдерін көрсете алды. Қостанай қаласы Ғ.Қайырбеков атындағы № 9 жалпы білім беретін мектебінің педагог-зерттеуші Гүлсім Ермағамбетова 4 «А» сыныпта қазақ тілінен «Ілік септік» тақырыбында өткізді. Сабақта барлық тапсырмалар оқу мақсаттарына сай құрастырылған. Тыңдалым және айтылым дағдысымен жұмыста «Сұрақ-жауап» әдісін қолданды. Бұл әдіс оқушылардың тыңдалым мәтінін түсінуін бақылауға және сөйлеу тілдерін дамытуға тиімді екеніне сабаққа қатысқан мұғалімдердің көзін жеткізді. Барлық оқушылар әр мәтіннің түрін қатесіз ажырата біліп, септіктің жалғауларын табуда еш қиындық көрмеді. Сабақ соңындағы бағалауда ерекше орын алды. Қостанай ауданы білім бөлімінің Тобыл қаласының мектеп-гимназиясының педагог-зерттеуші, математика мұғалімі Зульфия Аубакирова 9 «Б» сыныпта «Тригонометриялық функциялар және олардың қасиеттері» сабағында мұғалімнің сабақ өткізудегі шеберлік белсенділігі жоғары екендігін атап өткен жөн. Қостанай ауданы Айсары жалпы білім беретін мектебінің педагог-зерттеу- ші, биология мұғалімі Раушан Түленова 8 «Б» сыныбында «Адам қаңқасының құрылымы. Тірек-қимыл жүйесінің рөлі мен функциялары» атты қонақ сабағын өткізді. Сабақтағы әңгімелеу, сұхбаттасу барысында суреттемелерді, сызбаларды, жүйелеуші және жинақтаушы кестелерді пайдалану оқушылардың танымдық белсенділігін арттыруға, негізгі материалды игеруге жағдай жасады. Қостанай қаласы Ғ.Қайырбеков атындағы № 9 жалпы білім беретін мектебінің педагог-зерттеуші химия мұғалімі Айжан Баймолдина 9 «А» сыныпта «Күкірттік аллотропиялық тұр өзгерстері» атты сабақты өткізді. Жаңа әдіс-тәсілдерді сабақ үдерісінде тиімді пайдаланған сабақтың мақсаты нақты әрі қолжетімді болды. «Әдістемелік десант»» күнінің соңында педагогикалық тәжірибені жетілдіре отырып кәсіби шеберлікті арттыруда (мастер класс) «Табыс критерийлері. Бағалау» тақырыбында Тобыл қаласының №2 жалпы білім беретін мектебінің педагог – зерттеушісі, бастауыш сынып мұғалімі Элла Шенфельд өз тәжірибесімен бөлісті. Оқушылардың өмірлік дағдылары мен мотивациясын қалыптастыруға қалай ықпал ететінін көрсету.

Бұдан түйгенім, сабақ өз мақсатына толық жету үшін оған белгілі бір әдістәсілдерді таңдап, саралап қолдану керектігін тәжірибе арқылы әріптестеріміз көрсетті. Сол себепті әр сабақта игерген әдіс-тәсілдерді кеңінен қолдану оқушылардың өз бетімен білім алуға дағдылануы артып, шығармашылық қабілеттері дамитынына тағы бір мәрте көз жеткіздік. Мектеп ұжымы және сол білім ордасында тәрбиеленіп жатқан ертеңгі елдің жастары, барлық оқушылардың атынан, сабақ берген ұстаздарға, Қостанай облысы білім басқармасы «Әдістемелік орталық» КММ басшысының орынбасары Гүлнар Өтегеноваға алғыс білдіреміз.

Қортындылай айтқанда, Озерный негізгі орта мектебінде өткен «Нысаналы мектеп» жобасы аясында бұл жұмыс тәжірибе алмасуға және кәсіби шеберлікті арттыруға үлкен мүмкіндік берді.

Жұмабике НҰРСЕЙІТОВА,

Озерный негізгі орта

мектебінің директоры