Нұрқанат БҰҚАБАЕВ. Тормоз

Нұрқанат БҰҚАБАЕВ. Тормоз

әңгіме

Бір жүріп, екі асайтындар, түйені түгімен жұтқыштар,

айналадағының бәрін ақымақ, өзін ғана өр көретіндер –

азаматтық қоғамның орнауын тежейтіндер.

Автор.

 

«… Мессенджерге толассыз келген смс-тер оятқыштан бұрын мазаны кетірді. Басшылық тапсырған есепті кеңседе аяқтамай, үйдегі ноутбугымда түйіндермін деген шешімі үшін де өкіндірді. Негізі, кеше әдеттегі алты жарымда бітетін жұмысында сәл кідіріп, жарты жылдықтың қорытындысын жазып-ақ тастағысы келген. «Шықтың ба?», «Нешелерде шығасың енді?», «Түу, сен-ақ кешігесің де жатасың…» деп басталатын келіншегінің смс-тері тыңқ-тыңқ етіп қоймаған соң телефонын дыбыссыз күйге тоғытса да, бызылдағы есебін аяқтатпай, кеңсе есігін жаптырып, үйінен бір-ақ шығарған. Әсілінде, жарының жазғаны, аракідік қоңыраулары сыныққа сылтау болған. Кежегесі кейін тартып тұрған жеріне дәл келді.

Мемлекеттік қызметке тұрғалы мұның айрықша мұқияттылығын, ықтиятты қырын бірден байқаған басшылық әуелде апталық, кейінірек айлық, сосын тоқсандық, алты айлық, жылдық есептің шаруасын өзіне тапсырған еді, содан бері бұл парызынан құтылған емес. Құдды бір осы жарық дүниеге келгендегі миссиясы – мекеменің есебін тапсыру секілді көрінеді өзіне. Көрінгені былай тұрсын, ақиқатқа айналған күнделікті тіршілігі болып кеткен. Тіпті, азан шақырып қойған Ерсін деген есімі есеппен алмасқан. Басшысының ортақ чатқа: «Есеп қайда?!», «Есеп керек!», «Пәленше аралықтың есебін жөнелтіңдер!», – деп жалпыға бірдей жазғаны болмаса, Ерсінге қарата айтылған тікелей тапсырма екенін барлығы бірден ұғады. Осылайша, Ерсін мен есеп деген екі бөлек дүние егіз ұғымға ұласты. Ал бала күнгі арманы мүлдем бөлек еді ғой?

Жеті жастан асқан шағында ауылдан қалаға көшті. Нарықтық экономиканың әліппесін де көрмеген қарапайым еңбек адамдары күнкөріс үшін ауылды тастап, енді-енді  қалаға ағыла бастаған кез-тұғын. Әкесі құрылысшы, анасы дипломы болса да, түрлі жағдаяттармен тұрақты қызмет таба алмай жүрген қиын кезең болатын. Әуелде университеттің жатақханасында тұрды. Әлі есінде, шешесі аядай бөлмеде таң атпай торт пісіретін. Бұларға емес, тәттіқұмар студенттер арасында сұраныс болған соң сататын. Торттары  төртбұрышты, шеңбер пішінді келетін. Пешке салғанда тәтті қамыры жайылып, қалыбынан тасып піссе, Ерсін мен інісі үшін мереке. Аналары шодырайып шығып тұрған бөліктерін пышақпен ептеп кесіп, сәндейтін. Сол тілініп қалған «тәтті қалдықтарын» қоқымдатып тұрып күрсілдететін. Сатылған торттың ақшасын ішіп-жемге, жатақхана ақысына жарататын, ол үшін тиындап жинаушы еді. Әкесінің күндік табысы, торт саудасынан түскеннің бәрін біріктіріп, сол аядай бөлменің бір бұрышындағы үстелдің үстіне шашып тастап есептейтін.

  • Мынау тамаққа, ал, мынау проезіңе.. – деп, уыс-уыс тиын, қағаз ақша аралас “қазынаны” бөліп отыратын.

Торт саудасынан түскен тіршілік үшін қажетті тиынның сыңғырын, ақшаның шытырын естіп, кіріс-шығыстың әліппесін ә дегеннен меңгерген Ерсін есеп-қисапқа жүйрік болып шықты. Көп оқушыға алынбайтын қамал – математика оған оңай берілді.

  • Е-е-е, Сағираш, көр де тұр, бұл тәштегің қолтығынан қоңыр папкісін тастамайтын ауылдағы бұғалтыр… Өй, кім еді.. әлгі-і..
  • Есентай ма?
  • Жоқ-и-и, Есентай ол ағасы. Есен…Есенгелді! Иә, бұғалтыр Есенгелдідей мықты болады! – дейтін әкесі балкон есігін ашып тастап, жақтауына иығымен сүйенген қалпы темекісін тұтатып жатып. Қызметін атқарған шырпыны бір-екі сермеп, терезе алдында шылым тұқылдары шошайып-шошайып тұрған қалбырға сұға салып, ащы түтінді құшырлана сорып, сәл-пәл өкпе толтыра кідіріп, астыңғы ерні алға ұмтыла көк түтінді дем екпінімен сыртқа бұрқырататын.
  • Ерсінжан, өскенде папа-мамаңды бағасың ғой, иә? – дейтін нан илеп жатқан шешесі.

Естісе де, жарытып жауап қатпайтын, дәптерінен болар-болмас жымия бас көтеріп, анасына мейірлене қарайтын-ды. Сол қарастан шешесі: «Әрине, жан-мамам» деген сөздерді ап-анық оқып, оқтау батқан алақанының сырқырағанын ұмытып, бойына күш бітетін.

Қосу-алу, көбейту-бөлу оң жамбасына келгенімен, Ерсін әдебиетке де құштар еді. Ала жаздай ауылда атасының қасында жүрген кезде естіген ертегілердің тылсымы елітіп, кітапқұмарлығын оятқан. Өз еркімен Шона Смаханұлының өлеңдерін оқып, тіпті, тақпақ жазуда да тәуір екенін байқап, бірде бастауыш мұғалімінің: «Балалар, өскенде кім боласыңдар?», – деген сауалына қатарластары: «Милиция болам», «Враш болам», «Ғарышкер болғым келеді», – деп, жаттанды жауаптарын соғып жатқанда бұл қасқаң: «Апай, өскенде ақын боламын!», – деп бір-ақ қойған, сыныптастары ду күліп, ұстазы да тосылса керек: «Ермекпайып, ақын деген мансап жоқ, онымен отбасыңды асырай алмайсың, отыр!» – деген бетқақты жауаппен желкеден түйгендей еді. Солайша, бала қиялының қанаты қырқылған бұл математикасын қош көрді. Мектепішілік сайыстарда оқ бойы озып шықты. Қалалық пән олимпиадасында да қатарластарынан қара үзіп кетті. Облыстық кезеңде де үздік үштікті бастады. Тек республикалық олимпиада, өзінің ойынша, мұның ортанқол математик екенін көрсетті – қатысқан он бір баланың ішінен жетінші орынға жайғасты. Осылайша, олимпиада, тоқсандық, жылдық баға деп жүргенінде он бірінші сыныпты тәмамдап, ҰБТ тапсырып, студенттік өмірі басталып кеткен. “Ақын боламымы” «ақымақтық» деген кезден ол өзінің ішкі менін ортаға шығарып, оны қорғай алмайтын. Тіпті, мамандық таңдағанда да нағашы апасының: «Юрис-пюристтеріңді қойыңдар, учет и аудитқа түссін. Қатқанский спец болады. Госслужба жақсы ғой қазір», – деуімен қиял қанатына түбіт бітпей жатып, жалп етіп жаңа өмір кезеңінен бір-ақ шыққан.

Сауатынан ба, жинақылығынан ба, әлде тағдырының тарыдай болсын еншісінен бе, әйтеуір үшінші курсқа өткен жылы жергілікті мекемеде орын босап, есеп бөлімінің жас маманы болып қабылданды. Ұжымға тез сіңіп, іліп алып кетті. Дипломы қолға тиген жылы сараптама бөліміндегі өзінен бір жас үлкен қызға үйленді. Кейін-кейін ұқты, бұл емес, өмірлік серігі оны таңдапты ғой….»

– Фуй, бұз-з-зау! – Кино-режиссер оқып отырған кітапшасын лақтыра салды.

– А-а-а-Асан Хасаныч… Бұ-бұл жас автор ғой, ары қарай оқысаңызшы. – деп, өтінді көмекшісі кітапты көтеріп жатып.

– Ас! Ас-мырза! Ас-мырза де маған! Әлеу-желі үшін, әлем үшін Ас-мырзамын!

– Ұ-ұ-ұқтым, Хасаныч.. о-ой, Ас-мырза..

– Атаң басы! Не мынау?! – деді, смартфонындағы жергілікті газеттің парақшасында өзі туралы жарияланған постты нұқып. – Не бедірейіп тұрсың, қара! «Лас-Вегас көрген режиссер – Асан Хасанұлы». Қанша айтсам да, қақсатып біттіңдер! Қауашағың қыса ма… Әй, қысатын дүние де жоқ-ау осы сенде! Хабарлас. Жедел жөндет – «Ас-мыр-за!» деп, латынша жазсын! Латиница дұрыс қазір. – Жүре сөйлеген кино-режиссер кабинетінен шығып дәліздің түбіндегі дәретхананы бетке алды. Көмекшісі едел-жедел бастығының бөлмесін жауып, дәретхана есігін ашты.

Терісіне сыймай жүрген режиссер пластикпен қапталған «кабинкаға» кіріп, қуығы қысса керек, жалма-жан шаруасын тындыруға көшті. Шор-р-р… Арасында выр-р-рт-выр-рт еткізіп, нысанадан қиыс кеткені де естіліп тұр.

– Ас-мырза, енді авторға не дейін, тә-тәуір шығарма ғой негізі, м-м-мазмұнын айтқанымда құптағандай едіңіз.

– Өй, ондай өлімтік кейіпкерлерден фильм шықпайды. – Қақыра салды. – Бізге мәдениетті, оқыған, мықты, өткір образдар керек, – деді «кабинкадан» шыға сала белдігін тартып тұрып. – Анауыңа айт, мынадай дүниелерін қағаз шығыны үшін жазбасын. Жүр, мынауский автор бар. – Бас бармағын шошайтып. – Астанада танысқам. Айтқан образыңды шесть сек жазып береді. Ал мыналарыңнан сүт шықпайды, – деді,  танауымен көмекшісінің қолындағы жергілікті жас қаламгердің кітабын нұсқап. – Е, одан соң бар ғо, адам деген бірдеңе сұрамас бұрын, беріп үйрену керек қой.

– А-а-Ас-мырза, енді… Облыстық конкурста т-т-топ жарған бала ғой, б-б-бала болғанда универ бітірді биыл. Бюджеттен а-а-арнайы бөлінген ақшаға жергілікті жас қаламгерлердің шығарма желісімен к-к-кино түсіріледі д-д-деген соң…

– Өй, тем более, сарыауыздан не аласың?! Доғар. Айттым ғой, мынауский автор бар, міне, вацабыңа номерін жібердім. Дереу хабарлас. Ас-марза айтты де, шұғыл жолға жықсын.

– О-ол кісі біздің облыстан емес қой, Ас-мырза…

– О, қауашағыңды…! Комиссия төрағасы кім – мен! Әңгіме бітті. Тінтігіштер шыға келсе.. Оны бір ауданның тумасы, бала кезінде Астанаға көшіп кеткен деп ұра саламыз. Кім біліп жатыр-ей!

– Б-б-болды. – Смартфонына шұқшиған күйі көмекші кабинеттен лезде шығып кетті. Есік жабылды. Басын шайқап ас-режиссер қалды.

– Тормыз!

 

Қостанай

Жаңалықтармен бөлісу