Несие көлемі ұлғайды

Несие көлемі ұлғайды

Мемлекет елдегі шағын және орта кәсіпкерлікті барынша қолдап келеді. Соның арқасында кейінгі жылдары салада едәуір ілгерілеу байқалады. Отандық өнімдердің үлесі артты. Жастардың өз кәсібін ашуға құлшынысы оянды.

Демек, кәсіпкерліктің шығырын дөңгеленте түсу тараптарға тиімді. Сондықтан, бесінші  ақпаннан бастап отандық кәсіпкерлерді қолдаудың жаңартылған кешенді бағдарламасы басталды. Жаңа бағдарлама шағын және орта бизнес субъектілерін ғана емес, ірі кәсіпкерлерді де мемлекеттік қолдау шараларымен қамтуға мүмкіндік береді. Олар үшін субсидияланатын несиенің ең жоғары мөлшері 3-тен 15 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Алайда, бұрынғы 7-8%-тік үстемақының бір бөлігі несие сомасы мен мерзіміне байланысты 10% -ке дейін өсті. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бастығының орынбасары Роза Горянная баспасөз мәслихатында айтып берді.

“Несие  алушылар үшін тиімді міндеттемелердің бірі, егер субсидияланатын кредит мөлшері  3 млрд.теңгеден асатын болса, кәсіпкерлердің үш жылдан кейін орта бизнес санатына көшуіне болады.  Гранттық қаржыландыруға да өзгерістер енгізілді. Биылдан  бастап 5 млн теңгеге дейінгі сомадағы гранттар конкурсына тиісті реестрге  кіретін әлеуметтік кәсіпкерлер және “Бір ауыл – бір өнім” жобасының финалистері ғана қатыса алады. Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің реестрін ҚР Ұлттық экономика министрлігі жасайды. Бүгінгі таңда әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне біздің облыстан гранттық қаржыландыруға үміткер  25 субъект енгізілген. Оған кіру үшін кәсіп иесі  әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері үшін бекітілген  төрт  санаттың біріне сәйкес келуі керек”, –дейді басқарма бастығының орынбасары Роза Горянная.

Шағын және орта бизнесті қолдау шараларының бірі  инженерлік инфрақұрылымды тартуға бағытталмақ. Сондай-ақ, көлік жолдарын қоспағанда, коммуникацияның барлық түрінде  инвестициялар көлемі 200 млн теңгеден, инфрақұрылым құны 50 млн теңгеден  және жобаның дайындығы 30% – тен кем түспеуі тиіс.

Айтпақшы, өңірлік қаржыландыру бағдарламасы шеңберінде облыстың оңтүстік  аудандарының кәсіпкерлері 1%-пен несие алып жатыр. Бүгінге дейін жалпы сомасы 445,5 млн теңгеге бағаланған он бір  кредит берілді. Оның барлығы мал шаруашылығын дамытуға бағытталды. Бұл бағдарламаға Арқалық қаласының, Жанкелдин, Аманкелді аудандарының өңдеуші өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және телекоммуникация салаларындағы кәсіпкерлері қатыса алады. Несиелеу “Қазақстан Халық банкі” АҚ және “Банк Центр Кредит”АҚ арқылы жүргізіледі.

Жалпы, астықты өңірде  65 мыңнан астам кәсіпкер жұмыс істейді. Олар өткен жылғы тоғыз айдың ішінде 1,4 трлн теңгенің өнімін  шығарған.  Шағын және орта кәсіпкерлік саласы 166 мыңнан астам адамды  еңбекпен қамтып отыр.

Әлібек ЫБЫРАЙ

 

.

Жаңалықтармен бөлісу