Науырзымдық келіншек кәсібін кеңейтті

Науырзымдық келіншек кәсібін кеңейтті

Қожа ауылында тұратын Гүлбану Рахметова үш жыл бұрын мемлекеттен «Ауыл» бағдарламасы бойынша 585 мың теңге қайтарымсыз грант алып, кәсібін дамытып. Ол қаражатқа газ плитасы, қамыр илегіш, нан салатын қалыптар, таразы сатып алған.
Бала күнінен үй шаруасына пысық келіншек нан пісіруді сүйікті ісіне айналдырып үлгерген.

«Қолымнан келетін нан пісіру кәсібін бастап кеттім. Қазір көршілес елді мекендерден сұрап келушілер бар. 600 грамдық бір бөлкені қолжетімді бағаға сатып отырмыз. Түпкі мақсатым – осы кәсіпті кеңейтіп, торттар, пирогтар, бәліштер пісіргім келеді. Ол үшін тағы да осындай мемлекеттік бағдарламаға қатысып, құрал-жабдықтарымды, нан пісіретін үлкен пешті жаңартсам деймін. Қазір түрлі дәмді торттарды пісіре бастадым. Ауылдықтардан мереке күндері сұраныс бар. Қазір дайындап жүрген тәттілерімді өзім инстаграмнан үйрендім. Тәтті пісіру шыдамдылықты, ыждаһаттылықты талап етеді», – дейді Гүлбану.

Ас атасы бар жерде береке бар. Расында, Гүлбану таңнан тұрып нан жабады. Қолында атасы бар. Кешкі асқа дейін көтеріліп, формаға салынып, қып-қызыл бөлке нандар дайын болады.

«Күніне 40 бөлке нан пісіремін. Уатсап мессенджерінде ауылдастардан құрылған топ бар, соған нан пісті деп жазамын, дереу келіп алып жатады. Кейбіреулері келесі күні келіп алады. Бөлке нанды ашытқанда құрамына тұз, шамалап май, қант қосып, иін қандырып, пісіремін. Ұнды Әулиекөлден алдырамын. Астымызда көлік болмағаны қиынға соғып тұр. Ылғи да келген-кеткендерге алдыртасың. Оған қосымша ақысын төлейсің», – дейді наубайшы келіншек.

Бүгінде Қожа ауылында 502 тұрғын бар. Бұған дейін ауылдықтар нанды сырттан алдырып жүрсе, енді Гүлбанудың қолынан шыққан ыстық асты алып рақатын көріп отыр.

«Ауылдың кез келген қызы шаруаға бейім ғой. Өзім де жастайымнан нан жауып, пісіруді үйрендім. Үй тірлігіне ерте араластым. Жалпы тоқаш, нан пісіруді жаным жақсы көруші еді. Алдағы уақытта мұнымен тоқтап қалмай, кәсібімді кеңейткім келеді. Оған қаражат қолбайлау болып тұр. Менің қолымнан шыққан бөлкелерді арасында көршілес Дәмді, Шилі ауылдарынан да келіп алып тұрды. Әкеп тасып тұрсаңшы деген ұсыныстарын да айтып жатыр. Бірақ нан жеткізіп тұруға астымызда көлігіміз жоқ. Бір рет татып көргендер «наныңыз дәмді екен» деп жатады,  – дейді ол.

Гүлбану келешекте өнімнің басқа да түрін шығаруға ниетті.

Гүлмира Ғабжалел,
ҚӨУ-нің студенті

Суретті түсірген Әбіл ДОСЖАНОВ

Жаңалықтармен бөлісу