Бүгін облыстың түкпір-түкпірінен келген оқушылар “Науырзым” қорығының мұражайына жиналды. Онда былтыр тұсауы кесілген “Мемлекеттік тілге жеті қадам” форумы екінші рет жалғасын тапты.
Аудан әкімі Мәди Ихтиляпов жиналғандарды форумның ашылуымен құттықтады.
“Қазақ тілі – халқымыздың рухани байлығы, атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып отырған баға жетпес асыл мұрамыз. Бүгінгі таңда елімізде жүргізіліп отырған тіл саясаты – толерантты тілдік орта қалыптастыруда аса маңызды қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени құндылықтардың бірі. Жалпы еліміздегі этнос өкілдері арасында қазақ тілін меңгергендердің қатары жыл санап көбейіп келе жатқаны қуантады. Тәуелсіздік алған уақыттан мемлекеттің саясатымен мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, өзге этностардың тілдерін сақтап қалуға, оқып-үйренуге қолдау көрсетіліп келеді. Тіл мәселесіне қамқорлық көрсету әр азаматтың міндеті. Кез келген мемлекеттің өзегі – оның бірегей мемлекеттік тілі. Бүгін мен қазақ тілін меңгеріп, оқып жүргендерге шынайы алғысымды білдіргім келеді”, – деді аудан әкімі Мәди Ихтиляпов.
Жобаның былтырдан ерекше тосынсыйлары да жоқ емес. Биыл ашық аспан астында туризмді дамытуға арналған балалардың жазғы лагері ұйымдастырылып отыр. Ол жерде әртүрлі этност өкілдерінен құралған балалар секцияларға бөлініп, қазақша тілдерін жаттықтырады, логикалық дамыту ойындарын өткізеді. Үш күн бойы үш мезгіл тегін тамақ, жатар орынмен қамтамасыз етілген. Көңіл көтеретін сауық, би кештері де қарастырылған.
“Қазақстан халқы ассамблеясының аясында осындай үздік жобалардың жүзеге асырылып жатқанына қуанамыз. Былтыр қолға алынған “Мемлекеттік тілге жеті қадам” жобасында лагерь ұйымдастыру ұйғарылды. Былтыр жүз елу бала қатысса, биыл жобаға жиырмаға жуық ұлт өкілдері қатысып жатыр. Табиғат аясында өзара пікір алмасып, жеті бағыт бойынша білімдерін жетілдіретін болады. Бұл жиын осы этнос өкілдері арасында қазақ тілін білуді насихаттап, халқымыздың бірлігін нығайтуға шақырады”, – дейді осы жобаның авторы, Қазақстан халқы ассамблеясы облыстық филиалының жанындағы қоғамдық келісім мекемесінің басшысы Наталья Рамазанова.
Бұл іс-шара облыстық қоғамдық даму басқармасының қоғамдық келісім мекемесінің әлеуметтік тапсырысымен өткізіліп отырғанын айта кетейік.
Үш күнге жалғасатын форумнан ел жастарының алары мол. Патриоттыққа шақырып, қоғамдық келісім мен жалпы ұлттық бірлікті қамтамасыз етуге ұйытқы болғалы тұр.
Ол жөнінде облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Әсел Жұмағалиқызы толықтыра кетті.
“Сіздердің қазақ тілін дамытуға қосып жүрген үлестеріңіз зор. Бұл іс-шара биыл екінші жыл өтіп отыр. Былтыр жеңімпаздар Астананың көрікті жерлерін аралап, марапатқа ие болса, биыл Науырзым ауданы әкімдігінің қолдауымен бұл форум ерекше форматта өтіп жатыр. Мұнда балалар тілді үйренумен қатар өздері қолдан киіз үй тігіп, салт-дәстүрге де машықтанатын болады. Келер жылы форумның географиясын үлкейтеміз деп отырмыз”, – дейді Әсел Жұмағалиқызы.
Осы жобаға демеу көрсетіп отырған “Шолақсай” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Өмірзақ Ихтиляпов Денисов ауданынан келген Екатерина Гедзурге қазақ тілін меңгеріп, насихаттағаны үшін жүз мың теңге ақшалай сыйлықты табыс етті.
“Алғаш Қарамеңдіге келгенде оқушы кезім еді. Қазір өрімдей жастарды көріп, сол уақыт есіме түсіп отыр. Жасымыз бүгінде жетпіс алтыға келді. Айтайын дегенім, келешек жастардың қолында. Елдің болашағы сендерсіңдер. Қазақ тіліне деген құрметтеріңді құдай әрдайым қолдап жүрсін, табыстан-табысқа жете бергей. Ықыластарыңа әрқашан құрметпен қараймыз. Бұл дегеніміз үлкен табыс. Қазақ ретінде осындай балалармен мақтанамыз”, – деген лебізін білдірді.
Қазақстан халқы ассамблеясы ақсақалдар алқасының төрағасы Қалқаман Жақып форумға қатысушыларға ақ батасын берді.
“Елімізде қазақ тілі тегін оқытылады. Былтырдан мектептеріміз мемлекеттік тілден үш деңгейлі емтихан қабылдауды бастап кетті. Оқушыларымыздың қазақша оқып, сөйлеп, жаза білу қабілетін жетілдіру тәуелсіздік алған тұстан тілімізді тәуелсіз етуге бағытталған басты қадам. Ол халықты бірлікке жетелеп, этност өкілдерін бір мүддеге біріктіреді”, – деген ойын білдірді.
Айшолпан Ермек Жітіқара ауданының Забелов ауылына осыдан он жыл бұрын Қызылордан “Дипломмен, ауылға!” жобасымен келген. Қазақ тілінің маманы ретінде осындай үздік жобаларға тамаша үлес қосып келе жатыр. Осы жолы ауданның бірнеше мектебінен төрт бірдей бүлдіршінді әкеліп отырған жайы бар. Солардың бірі Венера Иордек – Болгар ұлтының қызы. Қазақ тіліне деген құрметін нағашы әжесі Әлияның оятқанын айтады.
“Менің тілім қазақша шыққан. Сол себепті бұл тіл бойыма туа дарыды десем болады. Абайша ойлап, Зереше толғанамын”, – дейді Венера Иордек.
Қостанай қалалық білім бөлімінің маманы Жанар Жұмағұлова бұл жобаға былтырдан бері қатысып келеді.
“Осындай іс-шаралардың алдағы уақытта жалғасын тапқанын қалаймыз. Былтыр қаламыздың әр мектебінен он оқушы қатыстырдық. Биыл жобаның талабы өзгерді. Көктемде дайындықты аяқтап, алты баланы іріктеп алдық. Қатысып отырған балалар орыс мектептерінен болса да қазақ тіліне деген құрметтері зор”, – дейді Жанар Жұмағұлова.
Солардың бірі Қостанайдағы Чапаев негізгі мектебінің оқушысы Снежана Ахонова.
“Қазақ тілін кішкене кезімнен білемін. Достарым да қазақ. Әлі де үйренерім көп. Сол себепті осы форумға келіп отырмын”, – дейді Снежана Ахонова.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Науырзым ауданы