Наурыз думан басталды

Наурыз думан басталды

Биыл наурыз   мерекесін қостанайлықтар ерекше көңіл күймен бастап кетті. Облыс орталығындағы “Жастар сарайында” мәдениет мекемелері «Көрісу күні – Амал мерекесіне» орай   халқымыздың салт-дәстүрін театрландырылған көріністермен тағы бір айшықтап берді.

Қазақтың баланың ер жеткенінен жаңа өмірге қадам басар уақытына дейінгі , яғни “Ұйқы ашар”, “Құдалық”, “Қыз ұзату”, “Беташар”, “Бесікке салу”,  “Тұсау кесер” дәстүрі жиналғандар назарына ұсынылды.

 

Көрермендер алғысын жеткізіп, ұсыныстарын айтты.

“Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз мақаласында наурызға дұрыстап мән беріп,  кеңінен атап өту керек екенін жазған болатын. Соның негізінде наурызнама он күндік бағдарламасы ұсынылды. Бүгін мәдениет мекемелерінің қойылымдарын тамашалап отырмыз. Бұрынғы уақытта еліміздің батыс өңірінде тойланып келсе, “Көрісу күні –Амал мерекесі” бізге де жетіп жатыр.  Қазір көргендеріңіздей, үйленуден, тұсаукесерге дейін ғана емес, тарихымыз терең, салт-дәстүріміз  бай болғандықтан, бұдан кейін де жөн-жоралғалар көп. Қыстан аман-есен шығып, көрісіп жатырмыз. Бәрімізге алдағы Ұлыстың ұлы күнінде жолуға жазсын”, – деді облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали.

Облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Батырбек Ахметов Президентіміздің осылай наурызды он күн бойына тойлау жөніндегі шешімі сәтті жүзеге асып жатқанын баяндады.

“Бұл күнді еліміздің батыс жағы әуелден жақсы тойлап келе жатқанын айтып жатырсыздар. Бүгін біздің төрімізге еніп, осындай көріністерге куә болып жатырмыз. Оны келешек ұрпаққа жеткізу сіздер мен біздерге парыз. Түркі халықтары мұны – келген “жыл басы” деп есептелген. Осы кезде қазақтың малы көбейіп, айналамыз өз тіршілігін жаңадан бастайды. Ауыл шаруашылығы саласында былтыр елде қиыншылықтар болғанын білесіздер. Биылғы жыл сол кеткен олқылықтың орнын толтырсын. Төліміз көбейіп, осылай тойлай беруге жазсын”, – деді Батырбек Ахметов.

Халық ақыны Серікбай Оспанов өлеңмен жиналған жұртқа бата берді. Жазушылар одағының мүшесі Ақылбек Шаяхмет жауһар жырымен көркемдей түсті.

“Ұлағатты Ыбырай Алтынсарин: “жөн білмеген адамға қыдыр ата дарымас” деген екен. Бұрын осы уақытқа дейін Аяз ата мен жанына еріткен жетім қыз қаршаны дәріптеп келдік. Мен сол кезде былай деп өлең шығарып едім. “Анасына баласы опа бермей, сәби өсті бір жөнді ата көрмей, аяз ата жүргенде тост көтеріп, Қыдыр баба кетті ме бата бермей? деп едім. Міне, Серікбай ағамыз бата беріп жатыр. Еліміз өрісті, бақшамыз жемісті болсын. Еліме құт әкеліп, бата дарысын”, – Ақылбек Қожаұлы.

Қазақстан жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы  Жанұзақ Аязбек “Көрісу күні – Амал мерекесін” жаңғырту туралы орынды ұсыныс жасады.

“Қазақта: “Бармасаң, келмесең жат боласың” деген сөз бар. Бүгінгі «Көрісу күні  – Амал меркесінің» тарихи мәні зор. Ел арасы суып бара жатқан кезде: «алыс-жақын ағайынды қайтсек татуластырумыз?», деген халқымызда мәселе көп болған. Соның бірі осы “Көрісу – Амал” деген сөз жай айтылмаған. Құлдыраңдаған бала кезімде әжеміз наурыз мейрамының қарсаңында аяқ астынан төсек тартып қалды. Атам қанша айналып, толғанса да еш ем қонбады ма, біраз уақыт басын көтере алмады. Сонымен наурыз мейрамы келген жаймашуақ күндердің бірінде сау етіп ауылға бір топ адам келді. Сөйтсек, олар әжемнің төркіні екен. Бір-бірімен қауышып жатқаны еміс-еміс есімде. Сол кезде әжем басын көтеріп,  бірден тұрып кеткеніне таң қалдық. Төркіндерімен он жыл көріспеген екен. “Көріскенде адам ерекше толқиды екен ғой. Жүрек тебіреніп,  өзінің дертінен жазылып кетеді екен ғой” деп едік сонда… Келешекте осы “Көрісу – Амал меркесін” сахнадан өмірге қалай енгіземіз, қалай күндердің күнінде өміріміздей болып тұрмысымызға  аяқ басады? деген жиі ой келеді. Ол үшін барлығымыздың арамызда көптен көрмей жүрген кісілерді үйге шақыру дәстүрі қалыптасса жөн болар еді. Болмаса, мейрамханаға шақырып, емен-жарқын әңгімелесу өткізсе нұр үсіне нұр.  Соны жастарға тәжірибе жөнінде көрсетсек игі”,  – деді Жанұзақ Аязбеков.

Бұл ұсынысты облыстық мәслихаттың депутаты Қырмызы Жаңбыршина да қолдайтынын білдірді.

“Кішкене кезімізде әжеміз:  “Бүгін Самарқанның көк тасы жібіген күн!” деп айтып отырушы еді. Сонда: “Наурызбен жылылық келеді, күннің шуағы, нұры келеді”, – дейтін, жарықтық. Студент кезімізде батыстың қыз-жігіттері, Ресейдің қазақтары осы көрісу амалын жасайтын. Біз сонда түсінбейтін едік. Өкінішке қарай, жетпіс жыл төл мерекемізді жоғалтып алдық. Енді соны жастардың санасына енгізейік”, –  Қырмызы Жаңбыршина.

 

Айбек ҒАЛЫМҰЛЫ

Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев

Жаңалықтармен бөлісу