25 мая, 2025
«Наурыз» бағдарламасы жалғасады

«Наурыз» бағдарламасы жалғасады

Осы жылы тұрғын үй кезегінде тұрғандар үшін мың жалға берілетін және 253 несиелік пәтер сатып алу жоспарланып отыр. Бұл туралы Өңірлік комуникациялар алаңында өткен брифингте облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Динара Ыхыласова айтып берді. 

 «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жалға берілетін тұрғын үй сапасын жақсарту үшін былтырдан бастап пәтерлер бастапқы нарықтан немесе жаңғырту жұмыстар жүргізілген үйлерден алынады», — дейді ол.

Облыста Қостанай, Рудный қалаларымен қатар, Қостанай ауданы да тұрғын үй құрылысы саласында алдыңғы орында. Салынған үйлердің ең көп үлесі осы үш өңірге тиесілі, яғни 86 пайыздан көп. Былтыр 500 мың шаршы метрге жуық үй салынса, биыл да осынша көлемде тұрғын үй бой көтереді.

«Бюджет қаражаты есебінен Қостанай ауданының Астана және Бәйтерек шағын аудандарында жалпы ауданы 33 мың шаршы метр (450 пәтер) 13 бес қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар, 9, 16 және 21 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын бастау жоспарлануда», – дейді Динара Ыхыласова.

Сондай-ақ, Қонай шағын ауданында он үйдің құрылысы және Берекеде екі көп қабатты тұрғын үй салынып жатыр.

 «Ұзынкөл ауданында 469 млн теңгеге 1,6 мың шаршы метр болатын 18 пәтерлі жалға берілетін тұрғын үй салынады. Ипотекалық қарыздың бастапқы жарнасының бір бөлігін жабу үшін, жергілікті бюджет қаражатынан 87 млн теңгеге 58-ге жуық тұрғын үй сертификатын беру жоспарлануда», – дейді басқарма басшысы.

Облыстық «Отбасы банк» АҚ директоры Әсел Досымханқызы осы жылы «»Наурыз» бағдарламасы жалғасатынын жеткізді. Өтінім қабылдау наурыз айының үшінен басталып, 31-наурызға дейін жүргізіледі.

«Содан кейін 10 күн ішінде нәтижелер шығарылады. Ары қарай төлем қабілеттілігін бағалау және тұрғын үйді таңдау басталады. Пәтерлерді «Баспанамаркет» порталында брондауға болады. Бағдарламаға 18 бен 63 басқа дейінгі ел азаматтары қатыса алады. Соңғы 6 айда ресми табысы болуы шарт. Табысқа еңбек қызметінен алынатын жалақы, кәсіпкерліктен түсетін пайда, ақылы қызмет көрсету шарты бойынша табыс, жәрдемақы, алынатын стипендия және тұрғын үй төлемдері жатады», – деді ол.

Айта кетейік, егер табыс жеткіліксіз болса, онда бағдарламаға қатысушы екі қарыз алушыны (туысы болуы шарт емес) тарта алады. Бағдарлама қатысушысының және оның отбасы мүшелерінде соңғы бес жылда атында үй болмауы керек. Отбасы банкіндегі депозитінде кемінде 2 млн теңге қаражаты болуы қажет.

Сералы МЫРЗАБАЙ