Жедел бөлімнің жедел уәкілі, әділет майоры Құралай Айтмағамбетова – ішкі істер органдары саласына жан-тәнімен берліген жан.
Ол құқық қорғау органдарындағы еңбек жолын 2015 жылдың қазан айында бастады. Қызметінің алғашқы күндерінен бастап өзіндік көзқарасымен, жауапкершілігімен және кәсіби өсуге деген ұмтылысымен ерекшеленді.
2020 жылы Құралай Азаматқызы жедел қызметке ауысып, ең күрделі әрі жауапты бағыттардың бірінде еңбек етуді жалғастырды. Бұл сала табандылықты, сараптамалық ойлауды және ең қиын жағдайларда шешім қабылдай білуді талап етеді.
Ішкі істер органдарындағы қызмет – күнделікті, көп жағдайда көзге көріне бермейтін еңбек. Әділет майорының нәзік иығында ауыр әрі жауапты жұмыс артылған. Яғни, қылмыстарды ашу, жедел іс-шаралар жүргізу, түрлі бөлімшелермен өзара іс-қимыл жасау, күрделі өмірлік жағдайға тап болған адамдармен жұмыс істеу.
Бұл – ұйқысыз түндер, шұғыл шақыртулар, қабылданған шешімдер мен олардың салдары үшін үлкен жауапкершілік.
«Мен бала кезімнен Отанға қызмет етуді, заң мен әділдікті жолында еңбек етуді армандадым. Бұл арман уақыт өте келе менің өмірлік мақсатыма айналды. Таңдаған жолыма деген адалдығым, парызымды терең сезінуім және қызметімде жоғары нәтижелерге жетуге деген ұмтылысым маған кез келген қиындыққа қарамастан алға сенімді қадам басуға күш береді», – дейді кейіпкер.
Әріптестері оның кәсібилігін және ең күрделі сәттерде сабыр сақтай білетінін ерекше атап өтеді. Қызмет жылдарында ол өзін қойылған міндеттерді тиімді шешіп, нақты нәтижеге қол жеткізе алатын білікті маман ретінде көрсетті.
Нәзік болмысының артында мықты мінез, төзімділік пен қайсар ерік-жігер жатыр. Осындай қызметкерлер күн сайын заң үстемдігін қамтамасыз етіп, азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін күзетеді.
Әділет майоры Құралай Айтмағамбетова үшін қызмет – жай ғана жұмыс емес. Бұл – саналы таңдау, антқа адалдық және қоғам мен ел игілігі үшін шынайы еңбек ету.
Сандуғаш БЕКМҰРАТ
