ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов жанармай нарығындағы қазіргі жағдай мен жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
ҚР Энергетика министрінің ақпараты бойынша, үш мұнай өңдеу зауытында жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін, мұнай өңдеу көлемі 3 млн тоннаға өсті.
Қазір жылына шамамен 17 млн тонна шикі мұнай өнделеді. Соңғы 5 жылда Біз бензин шығару көлемін 70%-ға (3 млн тоннадан 5 млн тоннаға дейін), дизельдік отынды – 30%-ға өсірдік (4 млн-нан 5,2 млн тоннаға дейін), – деп хабарлады Болат Ақшолақов.
Энергетика министрі атап өткендей, өткен жылы дизель отынын шығару бойынша рекордты көрсеткіш – 5,2 млн тоннаға жетсек те, қазіргі жағдайда еліміздің бірқатар өңірлерінде дизель тапшылығы бар. 350 мың тонна көлеміндегі дефицитті (қысқы ДТ қоспағанда) қымбат бағадағы импорттық отынмен жабуға мәжбүр болдық.
Осы орайда, экономикаға маңызды өнеркәсіп секторы болып саналатын тау-кен метталлургия кешені және темір жол салаларының тұтыну көлемі сол қалпында қалды, яғни өскен жоқ.