ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова шұғыл жоғары технологиялық медициналық көмекті қажет ететін туа біткен жүрек ақауы бар жаңа туған баланың жағдайын жеке бақылауға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігінің тілшісі.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, сәбиді Рудныйдан Астанаға санавиациямен медициналық эвакуациялау шаралары ұйымдастырылған.
«19 шілдекүні сағат 11:00-де жетекші мамандардың: Астанадан келген балалар кардиохирургы Дмитрий Горбуновтың, облыстық балалар реаниматологы К.А. Генштің, бөлімше меңгерушісі А.С. Бабулованың және ординатор дәрігер А.Б. Құтыбаеваның қатысуымен, телемедициналық консультация өткізілді. Консилиум пациентті тасымалдау мүмкіндігін бағалау үшін Қостанай облыстық балалар ауруханасына ауыстыруды ұсынды. Қосымша тексеруден және баланы бақылаудан кейін мамандар оның тасымалданатынын растады, — деп нақтылады ведомстводағылар.
Министрлік облыстық аурухана жағдайында баланың ахуалы тұрақты болып қалғанын және ол жақсы ауыстырылғанын атап өтті. Астанаға тасымалдау үшін санавиация борты сол күні кешке дайындалды. Кейінірек нәресте Астанаға жеткізілгені белгілі болды.
