Металлургия – экономиканың жүрегі, өндірістің қозғаушы күші. Бұл – от пен темірдің тілін таба білген, маңдай терін елдің игілігіне арнаған еңбек адамдарының кәсібі.
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында көбінің еңбегі еленіп, үлкен марапатқа кенеліп жатыр. Еңбек адамдарының мерейі өскеніне біздің де қуана қарап отырған жайымыз бар.
Қанша ғасыр өтсе де, қоғам дамуының діңгегі болып отырған сала. Еліміздің индустриялық әлеуетін арттырып, өңдеу өнеркәсібінің сапасын көтеруде металлургтердің еңбегі ерекше. Қарапайым ғана шойын мен болатты жоғары технологиялы өнімге айналдыру – нағыз шеберліктің, терең білім мен төзімділіктің белгісі. Сондықтан бұл мамандық иелері ел дамуындағы елеулі еңбек иелері ретінде әрдайым құрметке лайық.
Металлург тек мамандық деп емес, ұсталық өнер деп айтар едім. Осы салада еңбек ету батылдық пен білімділікті, шеберлік пен шыдамдылықты қатар талап етеді.
Темірден түйін түйген металлургия мамандарын кәсіби мерекемен құттықтаймын. Еңбектері табысты, отбасы аман, әр күні сәтті болсын!
Қарлығаш ОСПАНОВА,
«Қостанай таңы» газетінің шеф редакторы
