Мерекеңмен, ақ халатты абзал жан

Мерекеңмен, ақ халатты абзал жан

16 маусым  — Медицина қызметкерлерінің күні. Осынау ақ халатты абзал жандардың төл мерекесінде өңірдегі барша ақ халатты абзал жандарды облыс әкімі Құмар Ақсақалов құттықтап, бірқатар қызметкерлерді арнайы марапаттады. Дәрігерлерге деген ризашылығын жеткізді. Денсаулық сақтау саласын дамыту үшін барлық жағдайды жасай жатқанын атап өтті. Бөлінген бюджет көлемі өсуде, жаңа денсаулық сақтау мекемелері салынуда, медицина қызметкерлерінің жалақысы артуда деді ол.

–Еліміздің тұңғыш кәсіби дәрігері, біздің жерлесіміз Мұхамеджан Қарабаевтың ізгі жолын абыроймен жалғап келесіздер. Бүгінгі күні өңірде 12 мыңнан астам медицина қызметкері бар. Соның ішінде 1 954 дәрігер, 10 мыңнан астам орта және кіші медициналық қызметкерлер. Қазіргі қоғамда дәрігерлердің алар орыны ерекше. Осыған сай, көптеген жастарымыз өз өмірлерін осы саламен байланыстыруда. Біздің облыста дәрігерлік атадан балаға мирас болған, елге қызмет еткен отбасылар көп. Солардың қатарында Райхан Асқаров, Виктор Финк сияқты есімдерді ерекше атап өтуге болады. Олар саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнаған. Бүгіндері олардың ұл-қыздары да осы салада тер төгіп, қостанайлықтардың алғысына бөленіп жүр, – деді облыс әкімі.

Әлия Әбдірахманова 47 жыл медицина саласында еңбек етіп келеді. Мамандығы – геронтолог дәрігер. Зейнеткерлікке шығып, жасы 72-ге жетсе де әлі күнге науқастарды қабылдаудан шаршамайды. Ол Рудный қалалық емханасында жұмыс істейді. Геронтолог – бұл қартаю процесін және егде жастағы адамдарға қатысты барлық аспектілерді зерттеуге арналған маман. Бұл мамандық қартаюдың физиологиялық, психологиялық, әлеуметтік және экономикалық аспектілерін қарап, сондай-ақ егде жастағы адамдардың өмір сүру сапасын жақсартудың жолдарын зерттейді. Облыста өткен медицина саласының қызметкерлерін құттықтауға арналған салтанатты жиында Әлия Қожекенқызы алғашқы болып кеудесіне «Еңбек ардагері» медалін тақты.

–Бүгінгі мерекемен барша әріптестерімді құттықтағым келеді. Денсаулық сақтау саласына келген дәрігер бар ғұмырын осы жолға арнайды. Жасым келсе де қоғамға бір пайдам тисе деп еңбектеніп жүрмін, – дейді дәрігер, марапат иесі.

Бүгінгі күні медицина саласының білікті мамандарын даярлауға көп көңіл бөлініп келеді. Былтырдан бері облыс бойынша 63 маман резидентура бойынша білім алуда. Биыл солардың қатарына тағы 57 маман қосылады. Сондай-ақ, медицина саласы мамандарын Қостанай облысына тарту жұмыстары да қарқынды қолға алынған. Жас мамандарды баспанамен қамтып, жәрдемақы төленуде. Былтырдың өзінде 160 маманға жәрдемақы беріліп, 70-тен астам дәрігер баспанамен қамтамасыз етілге. Аймақ басшысы осы бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табатынын, облысқа келген медицина саласы мамандарына барынша қолдау көрсетілетінін жеткізді.

–Біз жыл сайын денсаулық сақтау саласын қаржыландыруды ұлғайтып келеміз. Бұл өз нәтижесін беріп те келеді. Алғаш рет облыстың 20 маманы Израильдің үздік клиникаларында көшпелі оқытудан өтті. Олардың оқып келген білімдері мен тәжірибелері диагностикалық және хирургиялық көмек көрсетуде сәтті қолданылуда. Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөледі. Оның тапсырмасы бойынша медицина қызметкерлерінің жалақысы көтеріліп, елімізде екі жылдық «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы іске асырылуда. Мысалы, тек біздің облыста 25 медициналық нысанның құрылысы жүргізілуде, оның 6-ы іске асырылды, 19-ы бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Біз медицина қызметкерлерін қолдап, денсаулық саласын дамытуға ерекше көңіл бөлетін боламыз, – деді Құмар Ақсақалов.

Бүгін еңбегі еленіп, «Еңбек ардагері» медалін алған жанның бірі – Рудный қалалық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері Талғат Қайкенов. Ол да бұл салаға бар ғұмырын арнаған жан. Талай жыл хирург болды. Енді әке жолын ұлы жалғап, ол да Астана қаласында ота жасап, науқастарға арашашы болып жүр.

Салтанатты жиында бірқатар медицина саласының қызметкерлері «Еңбек ері» медалімен, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» және Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Суреттерді түсірген Б.Көркембаев

Жаңалықтармен бөлісу