Биыл Рудный қаласының мектептерінен бес жүзден астам түлек қанат қағады. Алда жыл сайынғы ұлттық бірыңғай тестілеу күтіп тұр.
Негізгі ҰБТ-ға 449 оқушы тіркелген. Осы күнге дейін 119 оқушы тестілеуден өткен. 100 және одан жоғары балл жинаған оқушылар саны жиырмаға жуық. Бұл қала бойынша білім сапасының жақсы екенін білдіреді.
Бұл сынақ білім деңгейін анықтап қана қоймай, жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік беретін маңызды кезең болмақ. Рудный қалалық білім бөлімінің басшысы Темірхан Жайлыбаевтың айтуынша, осы жылы ҰБТ-ны екі форматта өткізу жоспарланған.
“Қаңтар және наурыз айларында өткізілген ақылы ҰБТ-ға 371 түлек қатысты. Бұл барлық түлектердің – 67,7%. Ақылы тестілеудің орташа көрсеткші 72,2 балл. Сонымен қатар, 371 түлектің 32-сі 100 және одан жоғары балл жинады”, – дейді білім бөлімінің басшысы Темірхан Жайлыбаев.
Негізгі ҰБТ-ға тіркеу 6-20 мамыр аралығында жүргізілген. Ал тестілеу науқаны 25 мамырдан 12 шілдеге дейін жалғаспақ.
“Бұл кезеңде түлектер өз білімдерін тағы бір рет сынап көру мүмкіндігіне ие болады. Барлық үміткерлер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең жақсы нәтижемен грант конкурсына қатыса алады”, – дейді Темірхан Жайлыбаев.
“Алтын белгіге” үміткер 13 оқушының алтауы білімдерін дәлелдеп отыр. Бес оқушы 100 баллдан көп жинаған. Ең жоғары нәтижеге №4 мектеп-лицейінің бір оқушысы (124 балл) мен А.Байтұрсынұлы атындағы мектептің бір оқушысы (115 балл) қол жеткізіп отыр.
Жанбалсын Ноғаев
ҚӨУ студенті