29 мая, 2025
Менің кішкентай аруларым!

Менің кішкентай аруларым!

Мен Қостанай қаласындағы №9 балабақшаның тәрбиешісімін. Бүгін осы байқау аясында тәлімденушілерімді көпшілікке шын ықыласпен таныстырғалы отырмын. Менің тобымда 15 қыз бар. Әрқайсысы гүлдей құлпырған сұлу, келешегінен зор үміт күттіретін өнерпаз, алғыр, зерек.
Мәселен, Найля мен Аделина тақпақ айтқанды жақсы көреді. Таңдайлар тақылдап, өлең оқығанда тәнті болмасыңа қоймайды. Ал Данеля, Айсұлу және Мария – мақтаныш тұтар әншілеріміз. Әсіресе Данелияның дауысы ерекше, тыңдаған адамды бейжай қалдырмайды. Айсұлу мен Мария да әртүрлі іс-шараларда айырықша қабілетімен көзге түсіп жүр.
Данелия мен Медина ертегі тындағанды сүйеді. Бұл қағылез қыздар жадында жатталған ертегілерді мазмұндап айтып беруден алдарына жан салмайды. Айша мен Таисия тазалыққа ұқыпты, бұларды болашақ сәнқой ма дерсіз. Айша қыз косметика түріндегі ойыншықтармен ойнағанды ұнатады. Алеана өте алғыр, жан-жақты. Пысықтығына қарап, қай жағынан да үнемі қатарының алдында жүретін қыз болады деп сеніммен айта аламын. Ал Айзере мен Айару, керісінше, биязы, нәзік, ұстамды, сабырлы қыздар. Өздеріне жараса қалған көркем мінездері оларды топ ішінен ерекшелеп тұрады.
Томирисіміз – дарынды суретші. Балдырғандар арасындағы республикалық байқауда Абай атамыздың «Күз» атты өлеңі негізінде пейзаж салып, қазылардың жоғары бағасын иеленген. Ол елдің әр түкпірінен көптеген бала қатысқан осы байқауда 3-орын жеңіп алды.
Дәмелі де біздің айырықшалап айтар мақтанышымыз. Ол республикалық Абай оқуларына қатысып, 1-орын иеленген дарынды қыз. Әлі де талай биікті бағындырарына еш шүбә келтірмеймін. Міне, менің кішкентай аруларым осындай! Олардың әрқайсысын мақтаныш көремін!

Индира Досаева,
Қостанай қаласындағы №9 балабақшаның «Сәби» тобының тәрбиешісі