1981 жылдың күзі. Кеңес армиясы қатарына шақырылған бозбалалар Алматы облысындағы Шонжы шекара отрядында бес ай бойы әскери дайындықтан өтеді. Солардың қатарында Меңдіқаралық Қайырбек Мұқанов та бар еді.
Осы дайындықтан кейін жас сарбаздар Кеңес–Қытай, Кеңес–Ауған шекараларына және тікелей Ауғанстан аумағына жөнелтіледі. Міне, дәл сол шақта басталған достық 30 жылдан кейін, 2012 жылы қайта жанданып, тағылымды кездесулерге ұласты. Алғашқы кездесу сол жылы Қайырбектің туған жері — Көктерек ауылында өтті. Батырдың жауынгер достары бас қосып, оны еске алу шарасын ұйымдастырды.
Осы басқосудан кейін 2012 жылғы 25 қазанда алғашқы еске алу футбол турнирі өтті. Жарысты алғаш ұйымдастырғандар — Арыстанов Серік, Доспулов Булат, Баймұхамбетов Қадыржан, Ковтун Валерий, Жданов Виктор, Алпысбаев Сағындық, Коровин Владимир және Қайырбектің ағасы Ғалиев Қазбек Жүнісұлы. Бұл — бауырластықтың, жауынгерлік адалдықтың және шекарашы рухының нышанына айналды.
Сол жолдастардың бірі, Қайырбекпен 1982 жылдың наурызынан 1983 жылдың желтоқсанына дейін бірге қызмет еткен ардагер шекарашы Серік Арыстанов былай дейді:
— Арада 41 жыл зулап өте шықты. 2024 жылдың тамыз айында біз – Ресей мен Қазақстаннан жиналған шекара ардагерлері – сол бір киелі мекенге қайта барып, естеліктерді жаңғырттық. Бүгінде алпысты алқымдадық. Арамыздан төрт жолдасымыз бақилық болды. Енді осы патриоттық, тәрбиелік шараларды кім жалғастырады екен деген ой көңіл тербейді.
Бүгінде бұл игі дәстүрді жалғастыруға лайық азаматтар бар. Қазақ-қытай шекарасында борышын өтеп, Қостанай шекара отрядында еңбек етіп, осы мекемеден зейнетке шыққан шекара ардагерлері — Ержанов Азамат, Максимюк Виктор, Кузнецов Иван. Қайсар мінезді осы жандар ерлік дәстүрін кейінгі ұрпаққа аманат етері сөзсіз.
Меңдіқара жерінде Қайырбек Мұқановты еске алуға арналған футбол турнирі дәстүрге айналды. Биыл 13-рет өткен бұл дода Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен тұспа-тұс келді. Турнирге облыстың әр ауданынан сегіз команда қатысты. Олардың қатарында 9–11 сынып оқушылары мен педагогикалық колледж студенттері болды. Айта кету керек, дәл осы оқу орнында — бұрынғы СПТУ-да — Қайырбек те білім алған. Қазір бұл оқу орнында оның құрметіне арналған әскери дайындық кабинеті мен шағын мұражай жұмыс істейді.
Жанкүйерлерге ерекше әсер сыйлаған турнирде Қарабалық ауданының құрамасы жеңімпаз атанды. Екінші орынды Меңдіқара, үшінші орынды Қашар кенті иеленді. Бұл — спорт арқылы патриоттық тәрбие берудің айқын үлгісі.
Қайырбек Мұқанов — 1963 жылы Көктерек ауылында дүниеге келіп, 1981 жылы әскер қатарына шақырылған. Ол Тәжікстан мен Ауғанстан шекарасында әскери борышын өтеп жүргенде, 1982 жылы арнайы тапсырма орындау кезінде ерлікпен қаза тапты. Десантшылар құрамында Жабай шатқалында қарсы шабуылға ұшырап, қаруластарының аман қалуына жағдай жасап, жау оғынан өзі көз жұмды. 18 жауынгердің өмірін сақтап қалды. Қайырбектің бұл ерлігі Қостанай өңірінде ғана емес, бүкіл елге үлгі. Батырдың жауынгер достары мен анасы Әлбида апайдың жүрекке жеткен естеліктері ұрпақ жадына жазылған.
— «Ол болмаса, біз тірі қалмас едік», — дейді жауынгер досы Серік Кәкімжанұлы.
Бүгінде батыр есімін Меңдіқара ауданындағы көшелердің біріне беру ұсынылуда. Бұл — ерлікке тағзымның нақты көрінісі болмақ. Өкінішке қарай, Қайырбек дүниеге келген ауылдағы мектеп оқушылардың аздығына байланысты жабылып қалған.
Дегенмен, Қайырбектің ерлігі ешқашан өшпейді. Ол — интернационалист жауынгер, 19 жасында Отан алдындағы борышын өтеу жолында жанын қиған қазақтың қаһарман ұлы. Ер есімі – ел есінде.
Балауса ЖҮНІС