Қайсыбір жылы газеттен заңғар жазушы Ғабит Мүсіреповтің: «Жаңа жылдың 1 қаңтардан басталуында еш қисын жоқ. Шын мәнінде, күнтізбе наурыздан басталуы керек. Адамзат түптің түбінде бұл тақырыпқа оралатын болады», – дегенге саятын ойын оқыған едім. Ел Президенті Қ.Тоқаевтың жыл басындағы сұхбаты қоғамға қозғау салып, әз Наурыздың маңызын ерекше екенін сездіре түсті.
Наурыз менің ең жақсы көретін мерекем. Мен үшін Наурыздан қастерлі мейрам жоқ. 2010 жылдан бастап бірнеше сценарий жазып, телебағдарламалар түсірдім. «Бастаңғы» ұлттық думанын театрда қойып, ұлыстың ұлы күнінің маңызын насихаттауға тырыстым. Ондағы мақсат мереке ұлттық сипат алып, күнделікті өмірге кіріге берсе деген ізгі ниет еді. Ол ойымыз орындалып та келе жатқандай. Бұрындары мемлекеттік мереке күндері «жоқтан бар жасап», өзге ұлттардың киімін киіп, дәстүрін насихаттап жататын едік. Бүгінде барша қазақстандық күнделікті өмірде де қазақтың ұлттық киімін киіп, дәстүріне құрмет танытуда. Бұл – үлкен өзгеріс. Наурыз мейрамы сол игі үдеріске серпін беретін мерекеге айналды. Геосаяси жағдай ұшытып тұрған қазіргі аласапыран заманда ұлтты ұйыстыратын ұйытқыға айналды. Осы ретте біз мемлекет құраушы ұлт ретінде өзгелерге өнеге көрсетіп, ұлттық құндылықтарымызды күнделікті өмірде дәріптей беруге тиіспіз.
Абылай Мауданов,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі