Қостанай ауданы Алтынсарин ауылына 6 сәуірде су келе бастады. Сол күні бүкіл ауданда ТЖ жарияланды.
Мұнда отбасымен, жұбайымен және төрт баласымен учаскелік полиция инспекторы Жаслан Жүсіпов тұрады.
Ол бірінші күні су тасқынына қарсы іс-шараларға кірісті. Себебі оның үйі су басу аймағында болды.
“Мен үйімнің айналасына бөгет тұрғыздым. Бұл үшін маған шамамен 3 күн қажет болды. Ауыр жүк көлігін жалдап,15 рет топырақ тасыдым”, – дейді Жаслан Жүсіпов.
Қазір ол әр кеш сайын Тобыл өзенінің бойындағы саяжай қауымдастықтарын күзетеді. Оның басты міндеті – эвакуацияланған тұрғындардың мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету.
“Мен өз үйімді қорғадым, енді қостанайлықтардың үйлерін күзетемін”, – дейді Жаслан Жүсіпов.
Онымен бірге облыс орталығы мен Қостанай ауданының су басқан жерлерінде құқықтық тәртіпті 200-ге жуық полиция мен әскери қызметші қамтамасыз етіп жатыр.
Айта кетейік, Жаслан Жүсіпов 4 жыл бойы учаскелік полиция қызметін атқарып келеді.