Мен бүгін Жангелдин ауданы Торғай ауылының тумасы, асқар тау әке, ардақты ата, республикалық дәрежедегі соғыс және еңбек ардагері Балтабай Сейдахметұлы жайлы қалам тербеймін. Майдангер 1922 жылы қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келген. Бала кезінен еңбекке етене араласқан. 1939-1942 жылдар аралығында Торғай аудандық Уполминза мекемесінде статист және дайындаушы инспекторы болған.
Сұм соғыстың дабылы естілгенде, ойламаған жерден Украина майданындағы 465-ші атқыштар полкiне аттанады. Кейін 80-ші гвардиялық дивизиядағы соғысқа қатысқан. Жалыны шарпыған от пен бораған оқтың ортасында жүріп, Запорожье қаласын жаудан азат еткен. Осы шайқаста ауыр жарақат алып, 1944 жылы мүгедектігіне байланысты елге оралған. Денсаулығы қара жұмыс істеуге келмесе де, елдің экономикасының ілгерлеуіне атсалысқан. Қаржы саласында еңбек етіп, аудандық партия комитетінің нұсқаушылығына дейін лауазымы жоғарлаған. Одан кейін КОКП XXI-шi сьезі атындағы кеңшардын директоры қызметінде және ауыл шаруашылығы өндірісінің тамаша білгірі, талантты ұйымдастырушы болып жүрген шағында іскер басшылығымен танылған. Ел игілігі үшін жасаған еңбегі ескерусіз қалмаған. Еңбек Қызыл Ту, І-ш дәрежелі Отан соғысы орденімен, 12 медальмен, республикалық, облыстық бiрнеше Құрмет грамоталармен наградталған. Бар саналы ғұмырын туған жердің өркендеп дамуына арнаған. Кәмпит Шалабайқызымен отау құрып, 57 жыл бір шаңырақ астында бақытты ғұмыр кешіп, 10 баланы тәрбиелеп өсірген. Өкінішке орай, 81 жасқа қараған шағында дүниеден өткен. Артында қалған Кәмпит әжеміз, аналық парызымен бірге әкелік міндетті қоса арқалап, балаларын бір – бір үй қылды. Қазір әжеміз 94 жаста. Көзілдіріксіз ине сабақтап, тігін тігіп, газет – журнал оқиды. 34 немере, 71 шөбере, 4 шөпшек сүйген бақытты әже.
«Біздер, бүгінде бір қауым елге айналған ұрпағы осындай қамқор жан, ардақты әкемізді мақтан етеміз. «Таулар алыстаған сайын биіктей түседі» демекші, соғыс ардагері, әкем Балтабайдың бейнесі, өнегелі өмір жолы ұрпағының жадында жатталып, жүрек түкпірінде сақтала бермек», -деп көзіне жас алды ортаншы ұлы Сәбит Балтабайұлы.
Ия, менің бүгінгі эссе жазуыма түрткі болған кейіпкерім, кешегі қан майданнның қанды алаңында шайқасқан. Отан үшін от пен оқтың ортасында жүрді. Ел үшін кеудесін оққа тосып, жан беруге дейін барды. Қайсар мінезімен жауға қарсы тұрып, оқ боратты. «Ер есімі ел есінде мәңгілік».
Таңжарық НИЯЗБЕК
Ш.Уәлиханов атындағы жалпы білім беретін
мектептің 7-сынып оқушысы
Құрметті оқырман! “Ерлікке тағзым” эссе байқауына қатысқыңыз келсе, мына сілтемеге кіріп, ережесімен танысыңыз: https://kostanaytany.kz/erlikke-taghzym-bajqawyna-qatyswgha-shaqyramyz/