Арқалық қалалық тілдерді оқыту орталығы Алаш ардақтысы М.Дулатұлының туғанына 140 жыл және 23 маусым мемлекеттік қызметшілер күні мерекесіне орай «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» қалалық байқауын өткізді.
Мемлекеттік тілдің қазіргі қоғам өміріндегі маңызы мен салмағы күннен-күнге арта түсуде. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев:
«Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгереа латынын көріп отырмыз. Еңбастысы, ынта болуы керек», – деген болатын.
Байқауға қала және ауыл, ауылдық округтік басқарушы органдарынан 7 мемлекеттік қызметші қатысып, бақ сынады. Үміткерлер 4 кезең бойынша сынға түсті. «Тұсаукесер» кезеңінде сайыскерлер өздерін және байқауға қатысудағы мақсат-міндеттерін таныстырса, екінші кезеңде «Жер-судың аты – тарихтың хаты» кезеңі бойынша экранда көрсетілген тарихи тұлғалар және сәулет құрылыстарының суретіне қарап берілген нысанның қысқаша сипаттамасын, тарихын баяндады. «Конституцияны білесіз бе?» кезеңінде тест сұрақтарына жауап берді.
Ал, «Қазақшаңыз қалай?» кезеңінде өзекті тақырыптарға байланысты өлең оқып, ән шырқап, өз өнерлерімен тәнті етті.
«Дала өлкесі тарихы» облыстық музейі басшысының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Батырлан Сағынтаев төрағалық еткен қазылар алқасының шешімі бойынша:
І орынды «Мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Динара Байзақова, ІІ орынды Төтенше жағдай бөлімі, №4 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің радио-телефоншысы, азаматтық қорғау сержанты Айдана Әмір, ІІІ орынды жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Сандыбай Үсембаев иеленді.

«Бүгінгі таңда мемлекеттік тілді білу мемлекеттік қызметшілердің ең басты біліктілік талабына айнала бастады. Олар тек білімді ғана емес, жоғары моральдық жауапкершілік пен өз ісіне деген әділдік, адалдық, адамгершілік қасиеттері қағидаларды қатаң ұстанғанда ғана, елдің ертеңі нұрлы болмақ. Мемлекетіміздің беделі үшін еңбек етіп жүрген ұлтжанды жандардың қатары көбейе берсін», – дейді орталық әдіскері Жазира Смағұлова.
Жүлдегерлер орталық атынан дипломдар мен сыйлықтар табыс етілді. Байқаудың жеңімпаздары облыстық кезеңге жолдама алды.
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы
