Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңына енгізілген жеңілдіктің арқасында елімізде жоғары оқу орнын мемлекеттік грантпен «жақсы» және «өте жақсы» деген бағамен бітірген жастар мемлекеттік қызметке конкурссыз орналасып жатыр.
Мемлекет тарапынан берілген осындай тамаша мұмкіндікке ие болғандардың бірі – Арқалық қаласы ақпараттық технологиялар және ұйымдастыру-бақылау бөлімінің бас маманы Ердәулет Айтбай.
Ердәулет Жұмағазыұлы Аманкелді ауданының Есір ауылында дүниеге келген. Былтыр Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетін мемлекеттік грантпен «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша үздік бітірген. Жас маман заңға енгізілген өзгерістерден мемлекеттік қызметші болуға мүмкіндік туып тұрғанын біліп, бағын сынауға бел буады. Сөйтіп өткен жылдың тамыз айында конкурссыз мемлекеттік қызметке орналасты.
«Былтырғы сәуір айында қалалық әкімдіктің кадрмен жұмыс бөлімі интернет-ресурстарына мемлекеттік грантты «жақсы және өте жақсы» деген бағамен бітірген түлектер оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде мемлекеттік әкімшілік қызметтің төменгі лауазымдарына конкурссыз орналаса алатыны туралы хабарландыру берді. Осы жаңалықты оқып, өзімнің сол талаптарға сай келіп тұрғаныма көп ойланбай құжаттарымды тапсырдым», – дейді Ердәулет.
Осылайша, Ердәулет Жұмағазыұлы мемлекеттік тест тапсырып, конкурстық әңгімелесуден өтпей-ақ мемлекеттік қызметкер атанды.
«Мамандығым бойынша жұмыс істеп жатқаныма қуаныштымын. Болашақта мемлекеттік қызметте өзімнің орнымды жақсы жерлерден көргім келеді. Аға буын әріптестерім жақсы қабылдап, білмегенімді үйретіп жатыр. Атқаратын жұмысым әкімдіктің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, серверлік байланыстарды орнату, бейнеконференцияларды ұйымдастыру және олардың дұрыс жүруін қадағалау. Жастарға көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдауға ризамын. Осындай бағдарламалар көп болса, жастар өз мамандығын жақсы таңдап, келешекте еліне жақсы қызмет көрсетеді деген сенімдемін», – дейді жас мемлекеттік қызметші Ердәулет Айтбаев.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы