Осы жылы күшіне енетін «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң мемлекеттік қызметшілерді оқыту, біліктілігін арттыру және кәсіби даярлау жүйесіне бірқатар маңызды өзгеріс енгізбек. Бұл туралы ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Қостанай облысы бойынша филиалының директоры Бауыржан Бағлай ӨКҚ алаңында айтып берді.
Жаңа заң мемлекеттік аппараттың кәсібилігін арттыруға, меритократия қағидатын нығайтуға және мемлекеттік қызметке кадр даярлауды студенттік кезеңнен бастап жүйелі жолға қоюға бағытталған.
Оның айтуынша, мемлекеттік қызметшілерді оқыту жүйесінің негізгі құрылымы сақталғанымен, оның мазмұны мен мақсатында нақтылау бар. Бұрынғыдай даярлау, қайта даярлау және біліктілікті арттыру бағыттары жалғасады. Алайда жаңа заңда оқытудың басты мақсаты – мемлекеттік қызметшінің лауазымдық міндеттерін сапалы орындауына қажетті кәсіби құзыреттерді тұрақты дамыту екені айқындалған.
«Заңдағы маңызды жаңашылдықтардың бірі – саяси мемлекеттік қызметшілердің, сайланбалы тұлғалардың және «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілерінің оқу сабақтарын өткізуге тартылуы. Бұл тәжірибе мен нақты басқарушылық дағдыларды тікелей үйретуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен оның филиалдарының рөлі күшейе түседі. Мемлекеттік тапсырыс негізінде кадр даярлау енді Академияда және Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясы арқылы жүзеге асырылады», – деді ол.
Жаңа заңға сәйкес, Академияның магистратурасы мен докторантурасына қабылданған мемлекеттік қызметшілерге оқу кезеңінде бұрынғы лауазымдық айлықақысы мөлшерінде стипендия төлеу қарастырылған. Бұл қызметкерлердің білім алуға деген ынтасын арттыруға бағытталған қолдау шарасы ретінде бағаланып отыр.
«Заңдағы ең ірі өзгерістердің бірі – мемлекеттік қызметке кадр даярлауды ерте кезеңнен бастау тетігінің енгізілуі. Енді жастарды мемлекеттік басқару саласына бағыттау мақсатында бакалавриат бағдарламалары бойынша нысаналы білім гранттары бөлінеді. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі кадрларға деген қажеттілікке қарай басым мамандықтар тізімін жыл сайын анықтап отырады. Мұндай грантпен білім алған азаматтар оқуын аяқтаған соң мемлекеттік қызметте кемінде үш жыл еңбек етуге міндетті болады. Егер бұл талап орындалмаса, мемлекет бөлген қаржы кері қайтарылады. Ал бағдарламаны тәмамдаған түлектерге жергілікті атқарушы органдардағы төменгі лауазымдарға екі жыл ішінде конкурстан тыс орналасу мүмкіндігі беріледі», – деді Бауыржан Бағлай.
Сондай-ақ басқарушы кадрларды даярлаудың да ерекше тәртібі қарастырылған. Бакалавриаттағы ерте даярлау бағдарламасынан өтіп, мемлекеттік қызметтегі міндетті еңбек өтілін орындаған азаматтар магистратураға түсе алады. Ал магистратураны аяқтаған түлектер орталық және жергілікті атқарушы органдардағы басқарушы лауазымдарға конкурстан тыс тағайындалу құқығына ие болады. Мемлекеттік тапсырыс бойынша оқуға немесе тағылымдамаға жіберілген қызметшілердің жұмыс орны сақталады. Қызметкер оқуын толық аяқтап, тиісті ғылыми дәрежесін алғаннан кейін мемлекеттік қызметте белгіленген мерзімде еңбек етуге міндетті.
Ақерке АРЫСТАНБАЙ
Суретті ұсынған – ӨКҚ алаңы
