Мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесі

Мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесі

Мемлекеттік қолдаудың кәсіпкерлікке әсерін Қостанайдағы «Respawn» компьютер клубының мысалынан көруге болады.

Кәсіпкер Алдаберген Маханов төрт жылдан бері компьютер клубын басқарып келеді. Шамамен екі жыл бұрын ол бизнесті кеңейту үшін өңірлік «Даму» қорына жүгінген.

Нәтижесінде кәсіпкер 7,5 млн теңге көлемінде жеңілдетілген қаржыландыру алып, қаражатқа қосымша компьютерлік жабдық сатып алған. Қаржыландыру мерзімі – екі жылға дейін, ал кәсіпкердің айтуынша, тиімді мөлшерлеме шамамен 12,6 пайызды құраған.

Бүгінде клубта 30 компьютер бар. Кәсіпкерліктің ай сайынғы айналымы шамамен 3-4 млн теңгеге жетеді. Несие міндеттемелерінің басым бөлігі өтелген, төлем мерзімінің аяқталуына екі айдай уақыт қалған.

«Қазір клубты әрі қарай кеңейту үшін жаңа мүмкіндіктерді қарастырып жүрмін. Сондықтан ашық есік күніне келіп, қолданыстағы бағдарламалар туралы нақты ақпарат алуды жөн көрдім», – деді Алдаберген Маханов.

Кәсіпкердің айтуынша, мұндай кездесулердің тағы бір артықшылығы – қажетті мамандардың бір жерде бас қосуы. Ашық есік күні барысында кәсіпкерлер заңгерлік, бухгалтерлік және салықтық мәселелер, бизнес-жоспарлау, сондай-ақ несие бағдарламалары бойынша жеке кеңес алды.

«Даму» қорының өкілдері мұндай кездесулер кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпаратты тікелей алуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Ал кәсіпкерлер үшін маңыздысы – қолжетімді құралдарды өз бизнесінің нақты қажеттілігіне қарай дұрыс пайдалану.

Айта кетейік, Қостанай облысында «Даму» қорының ашық есік күні екінші рет ұйымдастырылып отыр. Мұндай кездесулер кәсіпкерлер мен мемлекеттік қолдау институттары арасындағы тікелей байланысты күшейтіп, бизнестің нақты сұранысын анықтауға мүмкіндік береді.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суретті түсірген Василий Васильев