Мобилография – бұл ұялы телефонға сурет және бейне түсіру өнері. Фото-видео өнердің бұл жаңа түрі жастар арасында көбірек танымал бола бастады. Қостанайда Мемлекеттік мекемелердің баспасөз хатшылары үшін мобилография және копирайтингты үйрету мақсатымен арнайы тренинг өтті.
“Тренингтің бірінші күні мобилографияға, екінші күн копирайтингке арналады. Баспасөз хатшылары үшін смартфонмен жұмыс жасау, фото, бейнеролик түсірудің маңызы зор. Олар сонымен қатар мәтінді дұрыс жазу, құрастыруды үйренетін болады”, – дейді Қостанай облысы Журналистер одағының өкілі Александра Серғазинова.
Тренингті “Жаңашыр бол” қоғамдық қоры облыстық қоғамдық даму басқармасының тапсырысы бойынша ұйымдастырды. Іс-шараға облыстық Журналистер Одағы серіктестік етті.
Алматы қаласынан арнайы келген медиа сарапшы Марат Садықов баспасөз хатшыларын контент жасау үшін телефондарды дұрыс пайдалануға үйретті. Ол күннің бірінші жартысында тренинг қатысушыларымен онлайн сауалнама өткізіп, монтаж, ракурс, жасанды интеллект ұғымдарымен түсіндіріп, дәріс өткізді. Сондай-ақ, 1 сағаттық үзілістен соң қатысушылардың жинаған теорияларын практика түрінде сынап көрді.
“Сауалнама нәтижесі бойынша смартфонға бейнеролик монтаждап көрмеген, жасанды интеллектті мүлде таныс еместер де табылды. Олар осы тренинг арқылы пайдалы ақпараттар алады деген ойдамын. Баспасөз хатшылары үшін бейне сұхбаттың рөлі зор. Сұхбат алу барысында камераны дұрыс орналастыра білу қажет. Сол себептен, ракурсты қалай дұрыс алу керектігімен бөлісетін боламын”, – дейді Марат Садықов.
Сапалы фотосуреттер мен бейнероликтер түсіру үшін қымбат телефонның болуы міндетті емес. Ең бастысы камераны құрылғыға дұрыс орнату. Осы тұста Марат өзінің түсірген суреттерін қатысушылар назарына ұсынды.
Тренингтің екінші күні “Наш Костанай” газетінің шеф редакторы, республикалық “Литер” газетінің жеке тілшісі, медиатор, журналистика бойынша халықаралық тренингтердің қатысушысы Ольга Гораймен өтті. Ол баспасөз қызметтерінің жұмысындағы копирайтинг, пресс-релиздер туралы ақпарат берді.
“Копирайтинг – бұл назар аудартатын ерекше мәтін жасау тәсілі. Ал, рерайтинг – синонимдерді қолдана отырып, мәтінді қайта құрау. Мысалы, сіз журналистерге пресс-релиз жібердіңіз, олар оны парафразалап шығады. Міне, осы рерайтинг деп аталады. Ал, егер олар мәтінді өздері жазып шықса, онда бұл копирайтинг болады”, – дейді Ольга Горай.
Медиа сарапшы жұмыс жасау барысында жаңа тәсілдер қолдану керектігін айтты. Яғни, сайттарды ерекше етіп безендіру, әлеуметтік желіге жазбаларды заманауи, нақты және түсінікті етіп жазу, кілт сөздерді пайдалану керек дейді ол. Бағдарламаның жоспарына сүйене отырып, Ольга Горай пресс-релиздің міндетті компоненттерін еске түсірді, копитекстер жасау үшін GPT чатын пайдалану туралы айтты. Сонымен қатар, қатысушылар пресс-релиздердегі қателерді түзетіп, оларды жасанды интеллект көмегімен жазуды үйренді.
Тренинг соңында белсенді қатысушыларға сертификаттар табысталды.
“Барлық қатысушыларға алғыс айтамыз, тренинг сіздер үшін пайдалы, әрі қызықты болды деген үміттеміз”, – деп қорытындылады облыстық қоғамдық даму басқармасы ақпараттық саясат және БАҚ-пен өзара іс-қимыл бөлімінің бас маманы Рысқұл Тасқұмбаева.
Диана БАТЫРБЕК
Суреттер “Наш Костанай” газетінің сайтынан алынды