Мемлекетке қызмет – мәртебелі міндет

Мемлекетке қызмет – мәртебелі міндет

Қоғам мен мемлекеттің сенімін арқалаған бірден-бір мамандық иелері – мемлекеттік қызметшілер. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, мемлекеттік қызметтегі басты талап – тиімділік, нәтижелілік, жариялылық және халықтың сұраныстарына сай қызмет ету. ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Қостанай облысы департаменті осы үдеден шығу жолында уақыт озған сайын жұмысты жетілдіре түсуде.

Жоғары моральдық жауапкершілік, кәсіби білім, оларды іс жүзінде қолдана білу, адалдық және белсенді өмірлік ұстаным – мемлекеттік қызметшілер бойынан табылуы тиіс қасиеттер. Ал елдің әл-ауқатының артуы мемлекеттік аппарат еңбегінің нәтижесі десек, саланың әр маманынан талап етілер міндеттер салмағы жеңіл емес. Қызмет сапасын арттыру, білікті мамандар даярлау ісі жөнінен облысымыз нәтижелі жұмыс істеп жатыр. Оған соңғы алты айда атқарылған іс-шаралар да дәлел бола алады.

Кадрдың қашанда қадірі бар

 

Облыстың 20 қала-ауданында 648 мемлекеттік орган бар. Оларда бес мыңнан астам маман қызмет етеді. Кадрлардың сапалық құрамы, жоғары санат жөнінен Қостанай әлеуетті өңірлер қатарында. Әр үшінші қызметкер 35 жасқа дейінгі жас маман. Барлық органның ұжымын жасарта түсу, мемлекеттік қызметке жастарды тарту департаменттің маңдайалды мақсаты болып қала бермек. Бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«Бірінші жартыжылдықта күн сайын дерлік кәсіби бағдарлау жұмысы ұйымдастырылды. ЖОО-ларды қоса есептегенде, 24 оқу орны қамтылды. 10-11-сынып оқушыларымен 51 кездесу өткізілді. Мұндай іс-шаралар кадрлық қызмет өкілдерінің, әкімдер мен мемлекеттік органдар жетекшілерінің қатысуымен облыстың барлық өңірінде жүргізілді. Бос орындар конкурсына 784 адам қатысып, 325 маман жұмысқа қабылданды», – дейді департаменттің Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ерлан Салықбаев.

Оның айтуынша, бір жұмыс орнына 4-тен 7 адамға дейін үміткер өтінім берген. Бұл, сәйкесінше, мемлекеттік қызметке орналасуға ниет білдірушілер қатарының көбейіп келе жатқанын көрсетеді. Әлеуметтік желілерде тікелей эфир арқылы жүргізілген ақпараттық түсіндіру жұмыстары, видео түріндегі нұсқамалықтар, үлестірмелі материалдар, онлайн-оффлайн сауалнамалар нәтижесін берді деуге болады.

Мұның сыртында, қызметкерлердің біліктілігін арттыру да ұдайы қадағалауда. Жыл басынан бері облыста 944 мемлекеттік қызметші оқытудан өткен.

«Расында, көп нәрсе білікті кадрларға байланысты. Менің бастамам бойынша Президенттік жастар кадр резерві құрылды. Кадрлық резервке өткен азаматтар біртіндеп жауапты қызметке тағайындалып жатыр. Әрине, мұнымен шектелуге болмайды. Басқа да адамдарға жол ашуымыз керек», – деген еді Президент. Осы мақсатта Президенттің жастар кадрлық резерві институтын жетілдіре түсу үшін облыста Резервистер клубы құрылған. Оның мүшелері де өңірде мемлекеттік кадр саясатын қалыптастыруға белсенділікпен үлес қосып жатыр.

 

Заңнан аттамау – бұлжымас қағида

 

Мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың сақталуын қадағалау – маңызды міндет. Әдеп жөніндегі кеңестің жұмыс жоспарына сәйкес, сала мамандарының құқығын қорғау тұрғысында да жүйелі жұмыстар жүргізілген. Мәселен, еңбек демалысы, жұмыс сапары және басқа қажеттіліктерге төленетін ақылардың артық-кемсіз берілуі тұрақты түрде сын-сараптан өтіп отырады. Кеңес төрағасының айтуынша, ұзын саны 35 мемлекеттік органның жетекшілерінің есебі тыңдалып, 11 сараптама жасалған.

«Еңбек демалысы ақысын төлеу тәртіптеріне жүргізілген сараптама кезінде 35 құқық бұзушылық анықталды. Сондай-ақ, іссапар шығындарын төлеу қағидатын бұзудың 29 дерегі тіркелді, атап айтқанда, айыпкер алты жергілікті атқару органы 1,450 млн теңге берешек болған. Мүлікті сенімді басқаруға беру ісіне жүргізілген сараптама қорытындысында екі заңсыздық айқындалды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр», – дейді Е.Салықбаев.

Жалпы, бірінші жартыжылдықта 24 мемлекеттік органда 196 мемлекеттік қызметшінің 385 рет заңнаманы белден басқаны әшкере болған. Есепті кезеңде 30 маман қызметтен тыс жұмысқа тартылыпты, 731 802 теңге көлемінде өтемақы төленген. Тағы 16 тұлғаға 72 сағат демалыс жарияланды.

Заң талаптарына шекеден қараған тұлғаларды жауапкершілікке тарту шараларына көптеген мысал келтіруге болады. Мәселен, екі ауданның лауазымды тұлғаларына әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынған. Түрлі сипаттағы 72 шағым қаралып, жауапты тұлғаларға қатысты тиісті шаралар қабылданған. Сала қызметкерлерінің арасында жемқорлық әрекеттің бес дерегі анықталып, тоғыз тұлға жауапқа тартылды. Оның сыртында 13 тәртіптік іс қаралған. Кеңес ұсынысымен тағы тоғыз жетекші айыпты деп саналды. Десе де, төрағаның мәліметінше, алдын алу іс-шараларының нәтижелілігінің арқасында тәртіптік кеңес қарауына ілігетін адамдар саны өткен жылғыдан 128 адамға дейін кеміген.

 

Қызмет сапасы жіті қадағалауда

 

Департамент мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері халыққа 2 млн-нан астам қызмет көрсетілген. Соңғы үш жылда электронды қызмет алушылар саны 95%-ға дейін өсіп отыр. Арнайы жобалар аясында цифрлық сауаттылық жөнінен 46 мыңнан астам адам оқытылыпты. Сондай-ақ, «Ең алдымен адамдар» тақырыбындағы семинарлар аясында 336 қызметкер біліктілік арттырған. Әлбетте, халық тарапынан түсетін өтініш, арыз-шағымдар да уақытылы шешімін тауып жатыр.

«Мемлекеттік қызмет желісі бойынша түскен 22 өтініш қаралды. Дер кезінде қабылданған шаралар негізінде 16 қызмет алушының құқығы қорғалды. Агенттік тапсырмасын орындау мақсатымен біз тұрақты түрде қашықтан мониторинг жүргізіп отырамыз. Соның арқасында 2607 құқық бұзушылық анықталды. Бұл тәсіл өзінің өзектілігі мен тиімділігін көрсетті», – дейді Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы.

Нақтылы мысалдар келтірсек, Рудныйда жер учаскелерін пайдалануға рұқсат беру жосығы кезінде заңбұзушылыққа жол берілген. Айыптылар жауапқа тартылып, жәбірленуші тараптың мүддесі түгенделді. Осы уақытқа дейін КСРО төлқұжатымен өмір сүріп келген бірнеше азаматтың куәлік алуына көмек көрсетілген.

Әр өңірде халыққа көрсетілетін қызметтің сапасын жіті қадағалап отыру үшін 24 мемлекеттік органда ішкі бақылау шаралары өткізілген. Нәтижесінде 391 ереже бұзушылық анықталып, ретке келтірілді. Аталған заңсыздықтар қызмет көрсету тәртібінің сақталмауы, мерзімінің созбаққа салынуы, негізсіз бас тарту, құжаттар пакетінің толық болмауы секілді немқұрайды қарым-қатынастарға қатысты болған.  Кінәлілер жазадан құтылмай, ҚР ӘҚбК 465-бабы бойынша, мемлекеттік орган жетекшілеріне 29 хаттама толтырылып, 1 818 150 мың теңге өндіріп алынған.

«Мемлекеттік аппарат қызметін бюрократсыздандыруға бағытталған шаралар туралы» Жарлықты жүзеге асыру аясында да жоспарлы жұмыстар атқарылып жатыр. Атап айтқанда, тұтынушылар құқығын қорғау және қаржы салаларына сараптама және мониторингтер жүргізілген.

Ел Президенті айтқандай, мемлекеттік қызмет жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес. Мемлекеттік қызметші болу – туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау деген сөз. Өңірлік департаменттер алдындағы міндет – осынау қағидаттардың қапысыз орындалуына, ашықтық пен шынайылықтың сақталуына себепші болу.

Жаңалықтармен бөлісу