Қостанайда дәстүрлі «Мектепке жол» жалпыреспубликалық қайырымдылық акциясы бастау алды.
Акцияның негізгі мақсаты – аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жеткіншектерге жаңа оқу жылына дайындық барысында материалдық қолдау көрсету, сондай-ақ әлеуметтік себептерге байланысты балалардың мектепке бармай қалуының алдын алу.
Брифинг барысында облыстық білім басқармасы басшысы Ардақ Бегатаров «Мектепке жол» акциясының тарихы мен маңызына тоқталды.
– Бұл игі бастама алғаш рет 2001 жылы Қостанай өңірінде қолға алынды. 2008 жылы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі облыстың бастамасын қолдап, акция республикалық мәртебеге ие болды. Ал 2019 жылдан бастап жоба жыл бойы жүзеге асырылатын форматқа көшірілді. Бүгінде «Мектепке жол» – мемлекет, бизнес және қоғамның әлеуметтік жауапкершілігін біріктіретін маңызды жобаға айналды, – деді басқарма басшысы.
Биыл акция 1 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында өтеді. Осы кезеңде өңірдегі кәсіпорындар, жеке кәсіпкерлер, мемлекеттік мекемелер, үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық қорлар, педагогтер мен жанашыр азаматтар балалардың мектепке толық дайын болып баруына қолдау көрсетеді.
Өткен жылғы акцияның нәтижесі бұл бастаманың қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетті. 2025 жылы өңірдегі 6 408 балаға жалпы сомасы 109 миллион 327 мың 862 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді. Бұл игі іске ірі кәсіпорындар, бизнес өкілдері, мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар және белсенді тұрғындар атсалысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, әрбір көрсетілген көмек – баланың сапалы білім алуына және болашағына салынған инвестиция. Сондықтан акцияға өңір тұрғындарын, кәсіпкерлерді және әлеуметтік жауапкершілігі жоғары ұйымдарды белсенді қатысуға шақырады.
Брифинг соңында акция аясында көмек көрсету тәртібі мен өтінім беру жолдары туралы толық ақпаратты білім басқармасының мамандары ұсынатыны айтылды.
«Мектепке жол» акциясы – мейірімділік пен жанашырлықтың жарқын көрінісі. Бірлескен қолдаудың арқасында жүздеген бала жаңа оқу жылын қуанышпен қарсы алып, білім жолын сеніммен бастайды.
Бота Манет
