Медицина қызметкерлері күні аталып өтілді

Медицина қызметкерлері күні аталып өтілді

Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекелерін арқалықтықтар да ән-жырмен, мерейлі марапаттармен, құшақ толтырған гүл шоқтарымен айшықтады.

Халықтың денсаулығы үшін уақытпен санаспай еңбек ететін абзал жандардың құрметіне салтанатты жиын ұйымдастырылып, қала әкімінің орынбасары Мешітбай Жұманов құттықтап, сый-сияпаттарды иелерінің қолына тапсырды.

Арқалық өңірлік ауруханасының дәрігер-медбикелері Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің төс белгілерімен, Алғыс хаттарымен көптеп марапатталды.

«Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін төсбелгісімен тіс дәрігер Гүлзира Сейдахметова, «Денсаулық ісінің үздігі» төсбелгісімен акушер Роза Кенжеғалива, «Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің кәсіптік одағы» РҚБ-нің Үздігі төсбелгісімен анестиозолог-реаниматолог Құмарғазы Сәлменбаев, Алғыс хатпен Алтынгүл Смағұлова, Ақмарал Аяповалар наградталды.

«AMANAT» партиясының Алғыс хаты Арқалық өңірлік ауруханасының дәрігері Жасұлан Жүнісов, жедел жәрдем станциясының фельдшері Олжас Мейірмановқа табысталды.

Сондай-ақ, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының, Арқалық қаласы әкімінің Құрмет грамоталары да иелерін көптеп тауып, осы салада жемісті еңбек етіп жүрген ауылдық жерлердегі мамандарға дейін зор қуанышқа кенелді.

«Қала әкімінің Алғыс хатын алып, мерейленіп тұрмын. Ақ халатты абзал жандардың халаттарын кір шалмай, әрдайым халықтың алғысын ала берсін», – дейді Арқалық өңірлік ауруханасының жалпы тәжірибедегі дәрігері Арайлым Сәрсенбаева.

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген автор

                                                                                                      Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу