«Мақсатым үздік болу емес, өз арманыма жету еді»

«Мақсатым үздік болу емес, өз арманыма жету еді»

Қостанайлық өрімдей қыз әлемдік деңгейдегі Carnegie Mellon университетінің грантын жеңіп алды.  Халықаралық IT байқауларында топ жарып, сонымен бірге музыкалық Гран-приді қоржынға салу мүмкін екенін дәледеді.

Бүгінгі кейіпкеріміз — Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі Айдана Марденова. Ол бізге берген сұхбатында күйзеліспен күресудің құпиясы, жасанды интеллект жобалары және неліктен мектептегі жалғыз басымдық тек сабақ болмауы керектігі туралы ашық айтып берді.

blank

— Айдана, сенің жетістіктеріңнің тізімі суперқаһарманның кестесі сияқты көрінеді. Нақты ғылымдар мен музыка арасындағы теңгерімді қалай табасың? Бірі екіншісіне көмектесе ме?

— Негізінде, музыка мен ғылым бір-бірімен тығыз байланысты. Екеуінде де ұсақ детальдар арқылы мағына табу маңызды. Музыкант үшін бұл — мелиздер немесе тональділіктен ауытқу болса, зерттеуші үшін — теңдеулер мен алгоритмдер. Мен бұл туралы өзімнің мотивациялық хатымда жаздым: музыкалық өмірімді математикамен айналысуға деген құштарлығыммен байланыстырдым.

— Сен үшін не қиынырақ: ЖИ (жасанды интеллект) бойынша халықаралық жоба дайындау ма, әлде сахнаға шығу ма?

— Жоба дайындау әлдеқайда қиын: зерттеу жүргізу, әдебиеттерді оқу, жаңа бағдарламалау тілдерін меңгеру керек. Ал вокал 4-5 жасымнан бастап өмірімнің бір бөлігіне айналған, сондықтан халықаралық сахна да мен үшін еңсерілмейтін кедергі болып көрінбейді.

— Бос минут туа қалса, жаның неге құштар болып тұрады?

— Музыка — бұл хобби емес, жанның бір бөлшегі. Мен үнемі ән айтамын: серуендегенде, үй жинағанда, тамақ пісіргенде, тіпті сабақ оқып отырғанда да.

— Мыңдаған адамдар Carnegie Mellon University грантын армандайды. Оқуға қабылданғаныңды білген сол бір сәттің өзі есіңде ме?

— Нәтижелер ең соңынан келуі керек еді. Қалған университеттердің бәрі бас тартқан соң, үміт үзілген болатын. Төсекте кезекті бас тарту хатын ашуға дайындалып жатқанмын, кенеттен сайтта конфетти пайда болды. Әкеме айтқанымда, ол мұны 1 сәуірдегі әзіл деп ойлады! Ал бұл жоғары оқу орнын таңдауымның себебі — онда Computer Science (компьютерлік ғылымдар) және жасанды интеллект бойынша әлемдегі ең үздік бағдарлама бар.

blank

— Technovation Girls халықаралық байқауына арналған жобаң туралы айтып берші.

— Біз командамызбен Қазақстанның экологиясы тақырыбында «үшіншісі қатардан»  форматындағы мобильді ойын жасап шықтық. Пайдаланушылар ойын валютасын Қостанай облысындағы жерлерді «көгалдандыруға» жұмсай алатын. Бізге Аманқарағай мен Абай облысындағы заңсыз ағаш кесу және ірі өрттер сияқты өзекті мәселелер шабыт берді.

— Музыкалық мансабыңдағы ең әсерлі сәт қайсысы болды?

— Батырхан Шүкеновтің «Отан ана» әнін орындауым. Бұл ән өте сезімтал, ал оның Отан туралы мағынасы — терең. Бұл әнмен мен HardChord ансамблінің құрамында өзімнің алғашқы байқауымда өнер көрсеттім, сондықтан ол мәңгі жүрегімде.

— Сен «Алтын белгіге» үміткерсің. Оқушы үшін не маңыздырақ: табандылық па, әлде ерекше ойлай білу ме?

— Өзім аса табанды емеспін, материалды сағаттап жаттау маған қиынға соғады. Маған білімге деген құштарлық, шығармашылық ойлау және сабақта ақпаратты тез қабылдап алу қабілеті көмектесті.

— Дедлайндар жан-жақтан қысқан кезде, күйзеліспен  күресудің қандай «рецептін» ұсынасың?

— Менде кейде жоғары мазасыздық болады. Ондай кезде достарым мен отбасым құтқарады. Ал егер бірдеңе дұрыс болмай жатса, басымда мынадай ұранды ұстаймын: «Не болса да, жақсылыққа».

— НЗМ-нің төменгі сынып оқушыларына не айтар едің? Сенде «ең үздік болу» деген мақсат болды ма?

— Менде ешқашан «басқалардың ішінде ең үздік болу» деген мақсат болған емес, мен тек өзіме қалаған нәрсеме қол жеткізе алатынымды дәлелдедім. Төменгі сыныптағы балаларға әртүрлі нәрсені байқап көруді, ата-анасының немесе қоғамның үмітін емес, өздерін тыңдауды ұсынар едім. Есіңізде болсын: оқу жалғыз басымдық болмауы керек. Балалық шақты достармен, хоббимен бірге өткізу және бақытты бала болу маңыздырақ.

— Өзіңді 5 жылдан кейін кім ретінде көресің?

— Меніңше, ол кезде қолымда диплом болады және IT саласындағы кәсіби жолымды жаңадан бастап жатамын.

Айша Сейітқан