Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі, «Ауыл» партиясы» фракциясының мүшесі Николай Арсютин Қостанай облысына жұмыс сапарымен келді.
Сапар аясында депутат ең алдымен облыс әкімінің орынбасары Арман Әбеновпен кездесіп, өңірдегі ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік даму бағытындағы мәселелерді талқылады.
Мәжілісмен Қостанай ауданына қарасты №1 Заречный жалпы білім беретін мектебіне арнайы барып, мектеп директоры Қарлығаш Тоқбайқызымен кездесті. Мектеп басшысы мәртебелі меймандарға жайлы мектептің жұмыс барысын таныстырып, заманауи жабдықталған оқу кабинеттерін көрсетті.

Депутат жаңа форматтағы білім беру мекемесінің жұмысын жоғары бағалап:
«Осындай заманауи әрі жайлы мектептер ел болашағы – балалар үшін жасалып жатқан нақты қадам. Қарлығаш Тоқбайқызы бастаған ұжымның еңбегі – үлгі етуге тұрарлық», – деді.
Халық қалаулысы «Ауыл» партиясының төрағасы С Егізбаевтың атынан 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнімен жергілікті журналистерді құттықтап, жылы лебізін білдірді:
«Сіздердің қаламдарыңызбен жазылған әрбір жаңалық – қоғамның шынайы бет-бейнесі. Қиын да жауапты еңбектеріңізге табыс тілеймін!» – деді депутат.
