«Қайрат» спорт кешенінде Торғай облысының жаттықтырушылары мен еркін күресшілерін еске алуға арналған 2008-2009;2010-2011;2012-2014;2015-2016;2017-2018 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы еркін күрестен ашық облыстық турнир жалауын көтерді.
Жарыстың салтанатты ашылуында еліміздің әнұраны ойнатылып, қала әкімі Әмірхан Асанов жас спортшыларға сәттілік тіледі.

Турнирді жыл сайын үзбей өткізіп келе жатқан ұйымдастырушыларға да алғысын білдірді.

«Біз бұл жарысты 2017 жылдан бері өткізіп келеміз.Алғашында Қостанай қаласында өтті. Кейін Арқалық қаласында өткізіп тұруды ұйғардық. Даңқты спортшы Марат Омарханов деген досымыз болды. Кезінде еркін күрестен, дзюдо, қазақ күресінен спорт шебері, түйе палуан болған. 1990 жылдары бірге дайындалып, күрескен жігіт. Сол кісінің атынан бауыры Самұрат Омархановтың ұсынысымен, демеушілігімен өткіздік бірінші турнирді. Жақсы өтті, үлкен ас бердік. Кейін Марат Омарханов атынан клуб аштық. Соңғы жылдары турнирлардың атауын өзгерттік. Жарысты тұрақты түрде Арқалық жұртшылығы тамашаласын деп шештік», – дейді М.Омарханов атындағы спорт клубының басшысы Абзал Валиев.
Ашық турнирге Қостанай облысының қалалары мен аудандарының сыртында еліміздің Алматы, Ақмола облыстарымен қатар шетелден де командалар келген.
Қырғызстан, Тәжікстан, Татарстан елдерінен, ресейдің Челябі облысынан спортшылар келіп қатысуда.
«Мақсатымыз — жастарды спортқа тәрбиелеу. Әсіресе, ер баланың болашағына күрес өте жақсы болады деп есептейміз. Өзіміз осы өңірден шыққасын Торғай жеріне жанымыз ашиды. Жарыстың ашылу салтанатында қала әкімі, қаланың бүкіл басшылары қолдап келді. Ол кісілерге шексіз алғысымызды білдіреміз. Жастарының келешегі жарқын болып, Арқалығымыз көркейе берсін», – Абзал Сәрсембайұлы.
Дүбірлі додада ел — елден, жер — жерден 180 спортшы қатысып, боз кілемде бақтарын сынап жатыр.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
