Арқалыққа арнайы жұмыс сапарымен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Бейсенғалиев келіп, қала әкімі Әмірхан Асановпен бірге бірқатар маңызды обьектілерді аралап, облыстық және қалалық мәслихат депутаттарымен кездесу өткізді.
Мәжіліс депутаты алғашқы кезекте қала жүрегі іспетті Арқалық жылу электр орталығының тыныс-тіршілігімен танысып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысына назар аударды. Жылумен жабдықтау саласында тұтынушыларға сапалы қызмет көрсету үшін өткен жылы 3 млрд 864 млн теңгеге 3 жоба іске асырылды. Оның ішінде 608 млн теңгеге орталықтың химиялық су дайындау жүйесіне күрделі жөндеу жүргізілді.
Таяу жылдары тұйық отыннан қатты отынға көшірілген жаңа жылу орталығы қалыпты жұмыс істеп тұр. Жылу беру маусымын сапалы өткізу үшін 48 мың тонна көмір сатып алуға облыстық бюджеттен 772 млн теңге қаражат бөлінді. Қажетті отын кестеге сай жеткізілуде.
Жақында қаладағы «Халыққа қызмет көрсету орталығы» мен «Жақсылық» медициналық оңалту орталықтары заманауи жөнделген жайлы ғимаратқа көшірілді.
Берік Тұрсынбекұлы халыққа қолайлы жағдай туғызылған орталықтардың жұмысымен де жіті танысып шықты.
Халық қалаулысының әріптестерімен кездесуінде елдің көкейінде жүрген мәселелер қозғалды. Атап айтқанда: «Арқалық-Алматы» вагондарын қайта жандандыру, «Арқалық-Астана» жүрдек пойызын қолайлы уақытпен қайта жүргізу, қаладағы әбден қордаланған тұрғын үй кезегі нөпірін бәсеңдету үшін көппәтерлі үйлер салу қажеттігі сынды жергілікті билік құзырында шешілмейтін аса ауқымды проблемалар алға тартылды.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген автор
Арқалық қаласы