Мәжіліс депутаттары Қостанайдағы байланыс сапасын тексерді

Мәжіліс депутаттары Қостанайдағы байланыс сапасын тексерді

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Еркін Әбіл мен Екатерина Смышляева Қостанай облысында жұмыс сапарымен жүр.

 

Мәжілісмендер Tele2/Altel ұялы байланыс операторларының жаңа буын 5G байланыс базалық станциясына барды. Облыстың ақпараттандыру басқармасының басшысы Азамат Қашиев депутаттарды тест режимінде жұмыс істей бастаған жаңа байланыс мұнарасымен таныстырды.

 

 “Осы жылы ақпараттандыру басқармасы “Кар-Тел” (Beeline) компаниясымен 23 елді мекенде 4G стандартының 26 базалық станциясын жаңғырту және салу бойынша мәселе пысықтады. Сондай-ақ, “Мобайл – Телеком Сервис” ЖШС операторымен (Теле2/Алтел) Қостанай қаласында 5G стандартының 11 станциясын салу жөнінде уағдаластық бар”, – деп атап өтті Азамат Қашиев.

 

Айта кету керек, облыс аумағында 526 елді мекен бар, оның 517-сі АЕМ мәртебесіне ие. Талшықты-оптикалық байланыс желілерімен 161 ауыл қамтамасыз етілді. 331 елді мекеннің байланысы сапалы, 186 елді мекенде байланыс сапасыз, 33 ауылда байланыс жоқ.

 

Естеріңізге сала кетейік, тамыз айының басында облысқа “Қазақтелеком”АҚ Басқарма Төрағасы келді. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловпен байланыс пен Интернеттің сапасын арттыру меморандумына қол қойылған болатын.

 

Жаңалықтармен бөлісу