Мәселенің шешімі қандай болмақ?

Мәселенің шешімі қандай болмақ?

Қостанай қаласында қызметкерлеріне жалақысын бере алмай отырған үш кәсіпорын бар. Олардың 141 жұмыскер алдындағы берешегі 18,4 млн теңге.

Қалалық әкімдікте әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үш жақты комиссия отырысы өтті. Онда шешімін таппай жүрген бірқатар өзекті мәселе қаралды.

Қызметкерлерінің еңбек ақысын бере алмай отырған кәсіпорындар “Керей күзет агенттігі”, “Теплоагроселкомплект Титан” ЖШС және “ТСК Титан” ЖШС ұйымы.

“Күзет агенттігінің бес адам алдындағы берешегі алғашқыды 1 216 995 теңге болды.        Құрылтайшысы Е.Биғалиев зейнетақы алады. Сот шешімімен зейнетақысы бұғатқа қойылып, қаражат жұмыскерлерге өндірілуде. Қазірі кездегі қарызы 676 995 теңге”, – деді жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ақбөпе Манатова.

Ал “Теплоагроселкомплект Титан” ЖШС 32 қызметкер алдындағы берешегі 2,1 млн теңге. Жыл басында берешектің 1,1 млн теңгесі өтелген. Мердігер ұйым басшылығы тапсырыс берушілер істеген жұмысты төлеген соң ғана барлық берешекті өтеуді жоспарлап отыр кен. Қала әкімі Марат Жүндібаев бұндай шешімнің дұрыс емес екендігін айтты.

“Жұмыскердің бұл жерде ешқандай қатысы жоқ. Ол жұмысын адал жасады. Мысалы, жалақы әр айдың 14-і күні түсуі керек болса, солай болуы қажет. Жеделдетіп берешекті өтеңіздер. Сіздердің жұмыс ыңғайын таппай жатқаны үшін қызметкер зардап шегуге міндетті емес”, – деді қала әкімі Марат Жүндібаев.

Наурыз айының басындағы жағдай бойынша 7 қызметкер алдындағы берешек 1 млн теңге. Мердігер ұйымның атынан келген өкіл жеті адамның төртеуі жалақысын даулап келгенін, ал қалған үшеуінің мүлдем жолықпағанын айтты.

 “Қарызды наурыз айының соңына дейін береміз. 4 адам келді, ал қалған үш адам мүлдем келмеді. Жұмыстан шығып кеткендіктен, байланыс орнатуға мүмкіндік болмай отыр. Олар қостанайлық емес. Ал келген төртеуімен ақырынап есептесіп жатырмыз”, – деді ұйым атынан келген өкіл.

Үшінші “ТСК Титан” ЖШС 129 қызметкерге берешегі 16,7 млн теңге. Өткен жылдың желтоқсан айында барлық адам жұмыстан шығарылған.

“Тапсырыс беруші мердігерге төлемді кешіктірген. Қазір кезде Зеренді ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, тұрғын үй инспекциясы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен сот ісі жүріп жатыр”, – деді Ақбөпе Манатова.

Ал салық бойынша берешегіне байланысты ЖШС-нің банктік шоттарына бұғат қойылған.

Сондай-ақ, отырыста өндірісте орын алатын жазатайым оқиғалардың жай-күйіде қаралды. Облыста өткен жылы 113 адам зардеп шеккен 104 жазатайым оқиға дерегі тіркелген. Оның 10-ы қайғылы жағдаймен аяқталған. Отыз сегіз адам ауыр жарақат алса, тоғызы орташа және 47-сі жеңіл жараланған.

“Қостанай қаласы бойынша жазатайым оқиғалардың саны 51. 2022 жылмен салыстырғанда 18 жағдайға аз. Қала аумағында өндірістік жарақаттануға неғұрлым бейімдері денсаулық саласы, бюджеттік ұйымдар мен құрылыс саласы. Былтыр мемлекеттік еңбек инспеторлары өліммен аяқталған оқиғалар мен денсаулыққа ауыр зардап әкелген ұйымдарға 18 арнайы тексеру жүргізді”, – деді еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Бахыт Қашырбеков.

Мысалы, өткен жылы қауіпсіз еңбек тәсілдерін оқытудағы кемшіліктер, жұмыс барысын толық ұйымдастырмау жағдайы “Кенихсброт” ЖШС анықталған. Фирма жұмысты жүргізу кезінде және еңбекті қорғау ережелерін бұзған. Салдарынан қызметкер ауыр жарақат алды. Ол жұмыс істеп тұрған гильотин пышағының астына түскен. Бұл жерде жұмыс берушінің кінәсі толық анықталған.

“Сондай-ақ, өткен жылдың 30 қараша күні шаяхметов көшесі, 144 мекен-жайында болған тұрғындарды дүрліктірген жағдайды атап өткен жөн. Онда “Елена Д ТК” ЖШС құрылыс алаңы аумағында жұмыс істеу кезінде жеңіл автокөлікке 7 м құрылыс краныны құлады. Салдарынан оқиға орнында машинист қаза тапты. Қазіргі уақытта басқарма өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп арнайы тергеу жұмыстарын жүргізуде”, – деді Бахыт Қашырбеков.

Үш жақты комиссия отырысына аталмыш құрылыс компаниясының өкілі де қатысты. Ол қаза тапқан қызметкердің қайтыс боларынан екі күн бұрын  арыз жазып жұмыстан шыққанын айтты.

“Қайғылы жағдай орын алғанға дейін қызметкер жұмыстан өз еркімен шыққан. Яғни, Ресейг қоныс аударуына байланысты арызын жазып қалдырған. Оны туыстары да растайды. Оқиға орын алған тұста онымен еңбек келісім шарты болған жоқ. Түскі үзіліс уақытнда келген. Нақты не үшін келгенін мен білмеймін, мүмкін заттарын, киім-кешегін алып кету үшін оралған болар”, – деді фирма өкілі.

Қала әкімі оқиғаның нақты анық қанығына тексеріс аяқталған соң көз жеткіземіз деді. Жалпы алғанда Қостанай қаласында оқыс жағдайдың азайғанын байқауға болады. Ал өндірістік жарақат алу деректерін жасыратын кәсіпорындар да бар екені белгілі болды. Олар әкімшілік бұзушылықтан ғана емес, сондай-ақ, қылмыстық жауапкершіліктен қашатыны айтылды.

 “Жеке жұмыс берушілер әдейі заңды бұзады, осылайша статистиканы бұрмалайды. Мысалы, өткен жылы өндірістегі жазатайым оқиғаны жасырудың 7 дерегі анықталды. Олар “ТСК Титан” ЖШС, “БАКИРОВ Р.А.” ЖК, “№ 2 емхана” КМК, “Паравозов” ЖШС, “Хасенова Д. Ж.” ЖК, “Олжа Астық” ЖШС және “Астықжан Қостанай” ЖШС ұйымдары. Жасыруға жол берген заңды тұлғаларға қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 96-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды, жалпы сомасы 1 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Жұмыс берушілер анықталған еңбек заңнамасының бұзылуы, жазатайым оқиғалардың қайталанбауы үшін олардың себептерін жоюға қызмет етуі керек екенін түсінуі керек”, – деді еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары.

Мұндай жағдайлардың болмауы үшін мемлекеттік еңбек инспекторлары кәсіпорындар мен ұйымдарда үнемі кездесулер өткізеді. Онда еңбек  қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселесі бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесінде қалада 1,2 мың адамды қамтыған 68 кездесу өткізілген.

“Өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу және қызметкерлердің кәсіптік ауруларының алдын алу үшін 2021 жылдан бастап қаланың 12 кәсіпорны “Нөлдік жарақаттану – Vision Zero” тұжырымдамасын енгізу туралы шешім қабылдады. Олар “ҚТЖ” ҰК “АҚ” Қостанай магистральдық желі бөлімшесі”, “БК-Строй” ЖШС, “МИЛХ” ЖШС, “Elite Techno Service” ЖШС, “Строй Элит Дом” ЖШС, ЖШС “ТДС”, “Қарын Құс” ЖШС, “Межрегионэнерготранзит” ЖШС,”ҚТЖ “ҰК” АҚ “Қостанай магистральдық желі бөлімшесі” филиалының Қостанай сигнал беру және байланыс қашықтығы, “Геобайт-Инфо” ЖШС, “Таза Жол АТ” ЖШС, “Тазалық-2012″ЖШС кәсіпорындары”, – деді ол.

Облыстың екі кәсіпорнына “Халықтық бақылау” жобасы енгізілген. Яғни, мүмкіндігі шектеулі жандай “халықтық бақылаушы” ретінде тартылған. Сондай-ақ, бақылаушы ретінде өндірісте жарақат алып, кейін мүгедектігіне орай жеңіл жұмысқа ауыстырылған қызметкер де бола алады. Ал Қостанай қаласында бұл жобаны енгізген кәсіпорын жоқ. Мұның сыртында қызметі еңбек заңнамасының талаптарына сәйкес деп танылған жұмыс берушілерге “Сенім сертификаттары” беріледі. Ондай құжаты бар кәсіпорынға 3 жылға дейін тексеру жүргізілмейді. Қала аумағында бүгінгі таңда осындай сертификат 7 кәсіпорында бар. Ол “ҚазТрансГазАймақ” АҚ, “Компания Саламат” ЖШС, “Қостанай ет комбинаты” АҚ, “Межригионэнерго транзит” ЖШС, “Каз Строй Инвест КЗ” ЖШС мен “Аква-Арасан” ЖШС.  Барлық мүдделі орган өкілдерінің бірлескен жұмысының арқасында Қостанай қаласында өндірістік жарақаттану 26 пайызға төмендеген. Жиын соңында Марат Жүндібаев еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының сақталуына бақылауды күшейтуді, сондай-ақ тиісті жұмыстарды жүргізіп, жалақы бойынша қарыздарды қысқа мерзімде өтеуді тапсырды.

            Сералы МЫРЗАБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу