МӘМС жүйесі тоқтай ма?

МӘМС жүйесі тоқтай ма?

МӘМС жүйесі мен денсаулық сақтау саласының қазіргі жай-күйі туралы депутаттар жыл басында бірнеше рет дабыл қағып, мәселенің ушыққанын атап өтті. Осы мәселе жөнінде депутат Асхат Аймағамбетовтың жүйенің кемшіліктерін ашып көрсетіп, әсіресе, қаржыны заңсыз жымқырудың түрлі әдістерін әшкереледі.

Ал мәжілісмен Нартай Сәрсенғалиев Денсаулық сақтау министріне МӘМС жүйесін іске асыруды тоқтату туралы ұсыныс білдірді. Әрине, бұл ұсыныс көптеген мамандар мен халық арасында қызу талқыланып жатыр.

Бұл жүйенің негізгі мақсаты – халықтың денсаулығын сақтауға, медициналық қызметке қолжетімділікті қамтамасыз ету, алайда, көп жағдайда жүйе өзінің бастапқы мақсатын орындай алып отыр ма? Ал біздің өңірдегі жағдай қалай? Осы орайда «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Қостанай облысы бойынша филиалының директоры Батырбек Нұрғалиев бұл сұраққа жауап берген еді.

«2024 жылғы қорытындылар бойынша өңірде медициналық көмек көрсету үшін қорға жалпы 93 млрд теңге төленді. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда қаржыландыру көлемі 3%-ға немесе 3,1 млрд теңгеге артқанын көрсетеді. Мен депутаттардың айтқанымен толықтай келіспеймін. Себебі, қордың жұмысына қатысты негізсіз деректер көп айтылды. Қорға тым көп міндеттерді артып қойған. Алдымен еліміз бойынша медициналық сақтандырумен аз адам қамтылған. Республикада жалпылай алғанда 82 пайыз болса, ал біздің өңірде 83.7 пайыз сақтандырылған. Бұл төмен көрсеткіш. Халықты қамту көрсеткіші кем дегенде 95 пайыз болуы керек. Бұл дегеніміз – халықтың медициналық көмекке деген сенімінің төмендігі. Ел арасында жұмыс істей алатын атпалдай азаматтардың өздері сақтандырылмаған. Төлей алса да төлегісі келмейді. Мемлекет бірқатар адамдарды онсыз да тегін қамтып отыр. Бұл орайда біз емес, мемлекеттік органдар да халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізуі керек», – дейді Батырбек Нұрғалиев.

Емханаларда мамандардың аз болуы және сұранысқа ие қызмет түрлерін күтудің ұзаққа созылуына байланысты тұрғындар жеке клиникаға ақылы медициналық көмекке жүгінуге мәжбүр. Осы ретте ай сайын қорға төлем аударып отырған халықтың қаражаты пайдаланылмаған жағдайда қайда жұмсалады деген сауалға былай деп жауап береді:

«Пациент емханада алғашқы қызметтерді, жедел көмекті, санитариялық авиацияны және шұғыл стационарлық көмекті, дәрілік қамтамасыз етуді қоса алғанда әлеуметтік мәні бар және созылмалы аурулар кезінде медициналық көмекті тегін алады. Бұл тізімге консультативтік-диагностикалық көмек, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, медициналық оңалту кіреді. Кейде дәрігерлер жетпей жатады. Адамдар бәрден бірнеше сараптамадан өткілері келеді. Оның бәрін науқастың хал-жағдайына қарап тек дәрігер белгілеп береді. Қазір Д3 дәруменінің жетіспеушілігін анықтау бір сәнге айналғандай. Ал оның сараптамасын дәрігер тегін бере алмайды. Аса қажеттілік болған жағдайда ғана жолдама беріледі», – дейді қор директоры.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

 

Жаңалықтармен бөлісу