Биыл Лисаков қаласының құрылғанына – 53 жыл. Моно шаһардың іргесін қалап, өндірісті дамытып, тұрғын үйлерді салуға алғашқы құрылысшылардың төккен тері аз емес. Соның ішінде Николай Рожновтың есімі алғашқылардың бірі болып аталуы заңдылық.
Биыл ақсақал 85 жасқа толды. Қызметі қарапайым құрылысшы болудан бастаған Николай Рожанов Лисаковтағы көпқабатты үйлердің, өндіріс орындарының алғашқы іргетасын өзі бастап қалаған. Құрылыс нысандарының барлығында ақсақалдың қолтаңбасы бар.
Николай Петровичті мерейтойымен бірінші болып өмірлік жары Лидия Сергеевна құттықтады. Өмірдің қиындығы мен қызығын бірге көріп, 44 жыл бірге отасып келе жатқан қосағы отағасына «денсаулығы мықты болсын» деп тілейді.
«Балаларымыз жақсы қарайласып тұрады. Бастысы бізге олардың қамқорлығы. Қазір бізге ештеңе де қажет емес, тек қамқорлық және ақ пейілдері. Өмірдің мәні – осы », – дейді көпті көрген кейуана Лидия Рожнова.
Николай Рожнов 1939 жылы Мордовияның Шишкеев ауылында дүниеге келген. Қазақстанға, яғни Рудный қаласына 1961 жылы көшіп келіп, жан жарын осы жерден тауыпты. Араға төрт жыл салып, 1965 жылы Компартияның жолдамасымен Лисаков қаласының іргетасын қалауға аттанады. Сол жылдың қаңтар айынан Лисаков кен құрылыс басқармасында жұмысты бастап, зейнеткерлікке шыққанша жемісті еңбек етті.
«Негізінен өндірістік ғимараттар құрылысының басы-қасында жүрді. Кейін көп жылдар Промстройда еңбек етті. Басында механик, одан кейін бас механик, көп жылдар бойы парторг болды. Жалпы жұмысқа беріліп, жанын салып істейтін. Кей кездері фабрикада апталап жұмыс істейтін», – деп еске алады жұбайы өткен күндерді.
Лисаков қаласының алғашқы құрылысшысының ерең еңбегі зая кетпеді. Ол мәртебелі марапаттарға ие болды. Солардың ішіндегі ең салмақтысы – «Еңбек Қызыл ту» ордені. Сондай-ақ, Кеңестер одағы тұсында халық шығармашылығының жетістіктері көрмесінің қола медаліне ие болды. Бүгінде қалалық музейде сақтаулы тұр.
2002 жылы ақсақал құрметті еңбек демалысына шықса да, үйде отырмай, жергілікті ардагерлер кеңесінің жұмысына да белсене атсалысты.
“Біз ардагерлер кеңесінің ісшараларына жиі қатысып, көмек көрсетіп жүруші едік. Қазір жолдасымның денсаулығы сыр бере бастады. Көбіне үйде. Далаға шығып, серуендегенді жанымыз қалайды. Қала сыртына 2-3 сағатқа дейін жүретін кездеріміз де болады. Николай Петрович Лисаковқа алғаш келгенде, бұл жерде бірде бір үй болмаған. Қазір, қаламыз әдемі, әсем. Жан-жақта салынып жатқан құрылыс жұмыстары, соларды көріп, көңіл марқаяды”, – дейді ардагердің жұбайы.
Николай Петрович пен Лидия Сергеевна үш қызды тәрбиелеп, азамат етіп өсірді. Бүгінде олардан үш немере және 2 шөбере сүйіп отыр.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
Гүлмира ҒАБЖАЛЕЛ,
ҚӨУ студенті.
Лисаков қаласы.