Лисаковта мектебі бар Абайдың

Лисаковта мектебі бар Абайдың

Лисаковтағы №3 жалпы білім беретін жалғыз қазақ мектебі бұдан былай қазақтың ұлы ақыны Абайдың есімімен аталады. Бүгінде бес жүз балаға шақталған екі қабатты ғимаратта 249 оқушы білім алуда. Ең өкініштісі, жалғыз қазақ мектебінде бала саны толмай отыр. Алайда, мектеп басшылығы мұның шешімін табу үшін ата-аналармен үгіт-насихат жұмыстарын үзбей жүргізіп жатқанын айтады.

Абайдың есімімен аталған киелі қара шаңырақтың қабырғасы 1972 жылы қаланған. Біртіндеп аралас мектеп болды. Кейіннен 2004 жылы қазақ тілінде оқытатын мектепке айналды. Қазір даярлық сынаптарымен қоса есептегенде 240-қа  жуық оқушы білім алуда. Биыл бірінші сыныпқа 24 бала қабылданыпты.

«Балаларды қазақ мектебіне тарту мақсатында мектеп басшылығы балабақшамен, ата-аналармен насихат жұмыстарын жүргізуді жолға қойған. Алдағы уақытта оңтүстік өңірлерден халық санын тарту арқылы оқушылар санын көбейту шаралары жүзеге асырылуда. Білім ошағында мұғалімдер саны жеткілікті. Жыл сайын ұлттық бірыңғай тестілеуден көрсеткіш жаман емес. Демалыс күндері де дайындық жүргізіледі. Биыл сүйінші жаңалық, бір оқушы «Алтын белгіге» үміткер», – дейді мектеп директоры Ақбөпе Сатыбалдина.

«Қазақ мектебіне қазақтың ұлы тұлғаларының есімін беру бұрыннан бері қозғалып келген. Былтыр желтоқсан айында Абай есімі берілетінін естігенде төбеміз көкке жетіп, қуанып қалдық. Мектептің ұлы Абай есімін иеленуі – біз үшін зор қуаныш, биік мәртебе. Мектеп мұғалімдерінің алдына қойған басты мақсаты – білім алушылардың бойына ұлттық құндылықтар мен халық дәстүрін сіңіру. Абай атындағы мектеп болғандықтан енді бізге үлкен жауапкершілік жүктеледі». «Тегінде адам баласы – адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ», – деп Абай атамыз айтқандай, білім ошағынан заманауи бәсекеге қабілетті, білімге құштар, өз қатарластарының алды болатын жан-жақты білім алушылар суырылып алға шығары сөзсіз. Өскелең  ұрпақ  ұлы тұлға  Абайдың  ұмытылмас қара сөздерін, шығармаларын  жаттап, жадыларына тоқып, үлгі тұтарына шүбә келтірмейміз, – деп Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің директоры Ақбөпе  Сатыбалдина.

Қазіргі таңда білім ордасында қоғамдық жұмыстар қарқынды түрде жүріп жатыр. Мектептің бірінші қабатын толықтай Абайға арнамақ. Қабырғаларға ақынның өлең жолдары мен қара сөздерінде кездесетін  тәлім-тәрбиелік, өнегелік мәні зор дана сөздерінен тұратын стендтерді ілу, ұлы ойшылдың шығу тегі, қазақ әдебиетіне енгізген жаңалықтары мен әртүрлі мұрасын ел назарына ұсыну мақсатымен қызу жұмыс басталған. Алдағы уақытта мектепке ақынның есімін бергендігін паш ету үшін бір апта бойы іс-шара ұйымдастырылмақ. Оқушылар Абай әндерін орындап, өлеңдерін жатқа айтатын болады. Көрме жасатты. Еңбек пәнінің мұғалімі оқушылармен бірге Абай атамыздың портретін күріштен әзірлеп шығарды. Міне, сондықтан да қазірден бастап білім ордасының бірінші қабаты толықтай ақынның өмірімен тікелей байланыстырылмақ.

– Абай музейін жасағымыз келеді. Ішін хакім Абай қолданған заттармен толықтыру жоспарда бар. Бірінші қабаттың орта тұсына Ұлы ақынның бюстін жасатсақ, – деп Ақбөпе Бекетқызы алдағы жоспарын айтты.

Осы уақыт аралығында тағылымды тарихы бар ұлағат ұясынан талай түлек қанат қағып, білім биігіне шығарды. Заман талабына сай өсіп-өркендеп, білім беру саласында көш басынан көрініп жүрген мектептің әлі де жетер жетістігі мен алдына қойған мақсаты  көп.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ.

Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.

Лисаков қаласы.

 

 

Жаңалықтармен бөлісу