Лисаков қаласының жергілікті «Акцент» телеарнасына 30 жыл. Үш онжылдықтың ішінде аталған редакция өңір тұрғындарының өміріндегі елеулі оқиғалар мен өзгерістерді қалт жібермей, шынайы жеткізіп келеді. Қаншама талантты журналистің де қаламына қанат бітірген ұжым.
Отыз жыл бойы тұрақты хабар таратып келе жатқан «Акцент» телеарнасы небір қиындықтарға қарамастан, қоғаммен байланысын үзген жоқ. Қаланың тыныс-тіршілігіне сергек көзқарас танытып отырды. Бұл туралы Лисаков қаласының әкімі Абай Ыбыраев та мерейтойға арналған кеште айтып өтті.

«Біз бұл ұжымға әрдайым қолдау көрсетіп келеміз, бұл серіктестік алда да жалғасын табады деп сенемін. Телеарна – қоғамның айнасы, сондықтан оның дамуына, шешілмей жүрген түйткілдеріне көңіл бөліп отырамыз. 30 жыл бұрын осы арнаның негізін қалаған азаматтарға және жылдар бойы еңбек еткен барша телеарна қызметкерлеріне шексіз алғысымды білдіремін», – деді қала басшысы.
Мерекелік кеш барысында қала әкімі телеарна басшысы Дарханбек Аяпбергеновке естелік сыйлық табыстап, бухгалтер-кассир Ольга Сидорова мен тілші Екатерина Огневаны Алғыс хатпен марапаттады. Сондай-ақ редакция қызметкерлеріне Қостанай облысы әкімдігі Қоғамдық даму басқармасының, қалалық ішкі саясат бөлімінің, серіктес ұйым «Алау» телерадиокомпаниясының да марапаттары берілді.
Осы ұжымның бастауында тұрған ардагерлер Людмила Черемисинова, Виктор Муромцев, Юрий Гривко және Станислав Цуркан «Акцент» телеарнасы құрамына кіретін «Арай холдингінің» сый-құрметіне кенелді. Марапатты холдинг өкілі Алмат Сүлейменов табыс етті.
Телеарна қызметкерлеріне ең қуанышты сәттердің бірі – құрылтайшылар сыйға тартқан автокөлік пен «Алау» арнасы ұсынған экшн-камера.
Лисаков қаласының бұрынғы әкімі, қазіргі Мәжіліс төрағасының орынбасары Альберт Рау да лебізін жолдады: «Бүгінде ақпарат арнасы кеңейіп, жұмыс қиындай түсті. Бірақ соған қарамастан,
«Акцент» телеарнасы қаланың тынысын дөп басып, дер кезінде хабар таратып келеді. Мен өзім аптасына кемі бір рет қала жаңалықтарын қарап отырамын. Басты тілегім – осы қызмет жалғасын тауып, заман талабына сай телеарна елге қажеттілігін жоғалтпаса екен», – деді ол бейнеқұттықтауында.
Мерейтой иелеріне жүрекжарды сөзін арнаған бұрынғы әріптестер қатарында облыстық «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызы да болды.

«Акцент» – 1997 жылы менің журналистикаға жарқын жолымды ашқан қадірлі ордам. Заманауи тәжірибе, тың жобаларды игердім. Ең басты қолдауы – АҚШ-та тағылымдамадан өтіп, кәсіби білімімді жетілдіруге жібергені. Сол білімді осы күнге дейін азық етіп келемін», – деді бас редактор.
Кешті жергілікті өнерпаздар әдемі әсерге бөледі. Мерейтой думанының шымылдығын «Акценттің» қазіргі және бұрынғы қызметкерлері бірігіп дайындаған музыкалық қойылым жапты. Бұл көрініс телеарна ұжымының бірлігін, ортақ іске деген адалдығын айғақтаған шынайы үндеу, 30 жылдық тарихтың рухани гимніне айналды.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Лисаков қаласы
