Лисаков қаласы белсенді дамып келеді. Онда инвестицияы тарту және өнеркәсіптік өнім құрылымын әртараптандыру мақсатында түрлі ірі жобалар жүзеге асырылуда. Жобалардың жалпы құны 41,3 млрд теңгені құрайды, алдағы уақытта жеті жүзге жуық жұмыс орны ашылады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте Лисаков қаласының әкімі Абай Ибраев айтып берді.
«ConfidentLis» ЖШС стоматологиялық пункті ашылды. Жобаның құны – 100 млн теңге. Он бес жұмыс орны құрылды. Наурыз айында 7 шағын ауданда «Inari» супермаркеті пайдалануға берілді. Жобаның құны 250 млн теңге, 20 адамды жұмыспен қамтымақ. Ғимараттың жалпы ауданы – 2304 шаршы метр. Осы жылдың сәуір айынан бастап спирт өндіру бойынша «Азия Алко» ЖШС өз өндірісін бастады. 53 жұмыс орны ашылады. Болашақта тағы 50 адамды жұмыспен қамти отырып, алкоголь өнімін шығару бойынша өндірісті кеңейтпек. Бұл жобаның құны 1 млрд теңгеден асады. Зауыттың жылдық өндірістік қуаты есептеулерге сәйкес 442 250 алкоголь өнімі немесе 4 422 500 литр. Бүгінгі таңда 56 000 литр «Альфа» спирті, 199 000 литр дистиллят өндірілді. «Бірінші шағын аудан құрылысының құны 430 млн теңге, 26 жұмыс орнын құрумен «Алақай» спорттық-ойын-сауық саябағы ашылды. Бүгінгі күні бірінші кезеңі пайдалануға берілді. Келесі жылы жанынан екінші қанаты пайдалануға берілмек. Онда қазірдің өзінде толыққанды аттракциондар, балаларға арналған жұмсақ модульдер бар. Кейін аквапарк, тұз шахтасы, массаж және душ кабиналары қосымша жабдықталады», – дейді қала әкімі.
Абай Ибаревтың айтуынша, моно шаһарда «Nephrolife» ЖШС (Астана қ.) диализ орталығын ашу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Кем дегенде, 10 адамдық орынға арналған стационар «Леал» ғимаратында орналасады. Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары жүргізілді, жабдықтар орнатылды, қажетті мамандар тартылды. 2 дәрігер арнайы оқудан өтпек. Желтоқсан айында ашу жоспарланған.
«Солнечный» супермаркетінің құрылысы жүріп жатыр. Ғимараттың жалпы ауданы алты мың шаршы метрді құрайды. Жүз елу жұмыс орнын құру жоспарланған. Тартылған инвестиция, шамамен, 1 млрд теңге. Нысан келесі жылы пайдалануға берілмек.
Биыл желтоқсан айында қалада жалпы ауданы 900 шаршы метр 35 жұмыс орнын құра отырып, «City» (Сити) сауда маркасымен тағы бір супермаркет ашу жоспарлануда. Инвестиция сомасы 100 млн теңге.
Қала жанында кремний карбидін өндіретін зауыт салу жұмыстары жүргізілуде. Құны 34,2 миллиард теңге тұратын кәсіпорын жылына 34 мың тонна өнім шығарып, 240 маманды жұмыспен қамтиды деп күтілуде.
«Бүгінгі таңда қала аумағында «Qazaqstan ElectroMineral Kompani» ЖШС жаңа кәсіпорны тіркелді. Жоба кәсіпкерлікті қолдаудың өңірлік картасына енгізілді. Оған арнайы жер учаскесі бөлінген. Жобаны кезең-кезеңімен іске асыру бойынша жұмыс кестесі әзірленді. Бүгінгі күні жобалық-құндық құжаттама әзірленуде. Қойма үй-жайларын жобалау бойынша жұмыстар да орындалады. Зауытты 2027 жылы іске қосу жоспарланып отыр. Алдағы уақытта «Мырыш оксиді мен мырыш құю қорытпаларын өндіретін зауыт салынады. «Оксид Қазақстан» ЖШС осы жоба аясында шамамен 110 жұмыс орнын құруды жоспарлап отыр. Әзірге болжалды құны 4,2 млрд теңге. Бүгінгі таңда кәсіпорын су, газбен жабдықтау және электр қуатына қосылуға техникалық шарттар жасалды. Қазіргі уақытта жобалау-құндық құжаттарын әзірлеу үшін жобалаушыны анықтау бойынша жұмыс жүргізілуде», – дейді Лисаков қаласының әкімі.
Машина жасау секторында орақтар, арбашалар өндірісін жолға қойған “Дон Мар” компаниясы қызмет етуде. Индустрияландыру картасы аясында іске қосылған, гофрлауға арналған қағаз өндіретін “ЛисБум.kz” ЖШС, жұмыртқа науа-лотоктарын жасайтын “Картонно-Бумажный комбинат-2015” ЖШС өнімдері де сұранысқа ие.
Нәтижесінде, қаланың өнеркәсіптік әлеуетінің жалпы көлеміндегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 73,2%-ды құрады.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Зауыттың иллюстрациялық суреті интернеттен алынды