Ләззат Сүлеймен: «Ел мүддесі ескерусіз қалмайды»

Ләззат Сүлеймен: «Ел мүддесі ескерусіз қалмайды»

Арқалыққа жұмыс сапарымен Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен келді.
Мәртебелі мейманды Арқалық қаласы әкімінің міндетін атқарушы Абзал Тәшімов қарсы алып, қала әкімдігінің жанынан құрылған қоғамдық штабта су тасқынынан зардап шеккен тұрғындармен кездесу өткізілді.Мұнан соң қонақтар қалада су тасқынынан зардап шеккен Арқалық қаласы және Аманкелді, Жанкелдин аудандарының тұрғындарына арналып салынып жатқан 50 пәтерлі көп қабатты үйдің құрылыс алаңына барып, ондағы атқарылып жатқан жұмыстардың жай-жапсарына қанықты.Келесі кезекте Арқалық қалалық «Мұхтасиб Әлмұхамед» мешітінің жаңадан салынып жатқан асханасында орналасқан қалалық гуманитарлық қоймаға ат ізін салып, халыққа көрсетіліп жатқан көмектің барысына назар аударды. Жан-жақтан жеткізілген көмектің мұқтаж жандарға жеткізілуі жөнінде қала әкімінің орынбасары Мешітбай Жұманов баяндады.Сапар барысында Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен үкімет қаражатына баспана сатып алған тұрғындардың тұрмысымен де танысты. Мұқтаж отбасыларға азық-түлік себетін жеткізді. Жатақханада тұрып жатқан отбасылардың хал-жағдайларына қанықты. Мұндағы тұрғындар қаладан салынып жатқан үйден пәтерге сертифкат алып, құрылыстың аяқталуын күтуде.

«Ел қиын шақта бір екендіктерін көрсетті. Үкімет, халық ешкімді далада қалдырған жоқ. Қазақ халқы береке, бірлігін, бір-бірін құтқара алатындай қабілеті бар екендігін көрсетті. Бізді ел арасына шығып, халықпен кездесіп, талап-тілектері, арыз-шағымдары болса тыңдап келсін деп жіберіп отыр. Ел мүддесі ескерусіз қалмайды. Президенттің «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасына сай үкіметтің беріп отырған кепілдіктері халыққа нақты жетуі қажет», – деді Ләззат Сүлеймен.

Ұлттық комиссия төрағасы орынбасарының өңірге іссапары көршілес Аманкелді, Жанкелдин аудандарында жалғасын таппақ.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Суреттерді түсірген — автор

Жаңалықтармен бөлісу