Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба шеңберінде мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарының әртүрлі нысандары көзделген. Соның ішінде әлеуметтік жұмыс орындары, жастарға арналған «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары кіреді. Жастар практикасы жобасының да өз жемісін беріп отырғанын білеміз. Бұлардан бөлек, 50 жастан асқан адамдарды жұмысқа орналастыру үшін «Күміс жас» жобасы іске асырылып жатқанын біреу білсе, біреу білмес. Екі қолға бір күрек іздеген жандардың мәселесінің қалай шешіліп жатқаны жөнінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Аида Құсайынова өңірлік коммуникация орталығында өткен брифингте айтып берді.
«2023 жылдан бастап «Күміс жас» жобасына 3 жылға дейінгі мерзімге 50 жастан асқан адамдар қатыса алады.
Бұл ретте мемлекет жұмыс берушіге жалақыға арналған шығыстарды өтейді. Атап айтқанда, бір жыл ішінде жалақы мөлшерінің 70%, бірақ 30 АЕК-тен аспайды, екі жыл ішінде 65%, бірақ 30 АЕК артық емес, үш жыл ішінде-жалақы мөлшерінің 60%, бірақ 30 АЕК-тен аспайды.
«Күміс жас» жобасына қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші жұмыссыздарды зейнеткерлікке шыққанға дейін тұрақты жұмыс орнына орналастыруы керек» – деді А Құсайынова.
Сондай-ақ, жұмыссыз азаматтарды еңбекпен қамту үшін қоғамдық жұмыстар қарастырылған. Бұл әлеуметтік пайдалы бағыты бар әрі қызметкердің алдын-ала кәсіби дайындығын қажет етпейтін еңбек қызметінің түрлері. Қоғамдық жұмыстарға студенттер, жоғары сынып оқушылары, сондай-ақ кәсіпорынның тоқтап қалуына байланысты жұмыспен қамтамасыз етілмеген адамдар да қатыса алады.
«Талап етілмеген кәсібі бар не кәсібі жоқ жұмыссыз азаматтар үшін қысқа мерзімді тегін кәсіптік оқытуды ұйымдастыру көзделген. Оқу мерзімі-6 айға дейін. Қысқа мерзімді оқытудың екі түрі қарастырылған: жұмыс берушілердің өтініштері бойынша және жұмыс берушінің жұмыс орнында», – деді басқарма басшысының орынбасары.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ