Қарызға белшеден батқан медициналық ұйымдардың мәселесі қаралды

Қарызға белшеден батқан медициналық ұйымдардың мәселесі қаралды

Облыстық денсаулық сақтау саласының бюджеті жылдан-жылға артса да кредиторлық қарыз мәселесі талай мәрте қаралып, былтыр шегіне жетті. Соңғы бес жыл ішінде 28 медициналық ұйымның қарызы 36 миллиардқа жуықтаған. Қазіргі уақытта ол 1,3 миллиардқа азайды.

 «Соңғы үш жыл ішінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша дәрігер мәртебесін көтеру шеңберінде дәрігерлердің жалақысы орта есеппен 30% – ға және орта медициналық персоналдың жалақысы 20% – ға ұлғайды. Нәтижесінде еңбекақы төлеу қоры қаржыландыру сомасының 80-90% – ды құрайды. Медициналық қызметтер тарифінде индекстеуді ескере отырып, инфляция деңгейінің өсуі ескерілмегендіктен, 2023 жылға арналған тарифтер орта есеппен 11% – ға, 2024 жылға 5% – ға өсті. Онымен қоса коммуналдық төлемдер де айтарлықтай артты. Мұның бәрі де қарызға кіруге себепші болды», – деп жағдайды түсіндірді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Д.Жандаев.

Былтыр 28 медициналық ұйым кредиторлық қарызда болды. Қарыз құны – 36 миллиард теңге. Биыл қарызы барлардың саны азайып, 12 медициналық ұйым қарыздан құтылды.

            «Бұл мәселе маған жақсы таныс. Дегенмен де осындай жағдайға жеткізбеу керек еді. Сарыкөл, Федоров, Б.Майлин аудандарының ауруханалары, М.Қарабаев атындағы сауықтыру орталығының басшылар өз күштерімен қарыздан шықты. Бақылау комиссиясы да құрылып, олар жұмыстарын жалғастыратын болады», – деді облыс әкімі.

Мысалы, Б.Майлин аудандық ауруханасының несиелік берешегі биылғы жылдың 1 қаңтарына 9 млн 378 мың теңге болған.

«Шын мәнінде, қаңтар айында берешек болмады. Ол – өткен жылдың аяғындағы көрсеткіш. Қаржы жетіспеушілігі 2020 жылы әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының пайда болуымен басталды. Несиелік берешек 2022 жылы 92 млн 720 мыңға дейін жетті. МӘСҚ тарапынан толық көлемде қаражат бөлмегені өз алдына, көрсетілген қызметтерден қате тауып, салынған айыппұлдар, жұмысшылар жалақысы, тауарлар мен көрсетілген қызметтердің бағасы өсіп, медициналық қызметтер тарифінің төмен болуына байланысты кредиторлық берешек пайда болды. Соған қарамастан бюджетті барынша үнемдеу арқылы несиелік берешектен құтылдық. Кредиторлық қарыздардың жабылуына науқастарды жоспарлы жатқызу арқылы және 2023 жылдың ақпан айынан бастап ауруханада жоспарлы лапароскопиялық операциялар жасалып, аудан тұрғындарына кардиологиялық көмек көрсетілді. Яғни Холтер СМАД зерттеулерін енгізе отырып, жүрек ультра дыбысты зерттеуін жүргізіп, адамдарды басқа медициналық ұйымдарға жібермеуді қолға алдық», – дейді Б.Майлин аудандық ауруханасының бас дәрігері міндетін атқарушы М. Запаров.

Бұл жайды қадағалау үшін арнайы бақылау кеңесі құрылғаны да белгілі. Олар аурухана қызметіне бақылауды күшейте отырып, қарыздан шығуға жәрдемші болады. Мысалы, Арқалық қаласының ауруханасының бас дәрігері лауазымына конкурстық іріктеу қорытындысы бойынша жас маман Самат Исламов бекітілген. Жаңа бас дәрігер 281,4 млн теңге кредиторлық берешегі бар аурухананы қабылдап алып, біліктілігінің арқасында 2023 жылдың соңында берешекті толығымен өтеген.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев

Жаңалықтармен бөлісу