“Kostanai Invest 2023” халықаралық  форумында жаңа жобалар таныстырылды

“Kostanai Invest 2023” халықаралық форумында жаңа жобалар таныстырылды

Бүгін Қостанайда халықаралық инвестициялық форум өтті.  Алқалы жиын отандық және шетелдік әріптестермен қарым-қатынасты нығайту барысында ұйымдастырылып отыр. Оның жұмысына алыс-жақын шетелдерден бірқатар инвестор келіп, өз ұсыныстарымен бөлісті. Спикерлер әртүрлі саладағы инвестициялық жобаларды таныстырып, қоршаған ортаны қорғауға қатысты  және жаңартылған  энергия көздерін пайдалану мәселелерін талқылады.

Алқалы жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Құмар Ақсақалов  өңірдің экономикалық һәм инвестициялық потенциалымен таныстырды.

 

– Шетелдік инвестицияларды тарта отырып, елімізде бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасауға  мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың өзі ерекше мән беріп отыр. Біз  осы мақсатта инвесторларды қолдауды жалғастыра бермекпіз. Қостанай  өңірі жер асты қазба байлығына кенде емес. Облыс аумағында  92% темір кені,   98 % боксит, 81% кобальт, 51%  никель, 6%  титан, 3,5%  алтын кені бар. Осы уақытқа дейін 350-дей кен орны зерттелді. Бүгінде соның 145-і ғана кен байытып, өңдейді. Қалған 210-ы игерілмей тұр. Сондықтан, жаңа мүмкіндіктерді қарастыра отырып, тың жобалар бірлесіп іске асыру үшін шетелдік әріптестерімізді шақырып отырмыз. Біз оларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді өңір басшысы Қ.Ақсақалов.

 

Облыс басшысы айтқандай,  өңірде машина құрастыру, тау-кен өндірісі, металлургия, тамақ өнеркәсібіне басымдық берілген.  Инвестфорумға келген KIA зауытының бас директоры Ким Дэки Қазақстанмен тығыз ынтымақтасуға ниетті екенін атап өтті. Яғни, алдағы жылдары Қостанайда Kia автомобильдерінің өндірісі жолға қойылмақ.

 

– Жоба 200 млн АҚШ долларына тең.  Оның  120 млн – ы жабдық сатып алуға жұмсалатын болады. Қалғаны  зауыт құрылысына бағытталады, – деді консерн басшысы.

 

KIA Corporation компаниясының тағы бір өкілі Нам Чунсик 2027 жылға қарай Қазақстанның автомобиль нарығы 2021 жылмен салыстырғанда екі есеге артатынын атап өтті.  Яғни,  KIA өндірісінің арқасында Қостанайда  автокөлік  құрастыру нарығы ілгерілемек.

Тағы бір ауқымды жоба облыстың оңтүстік өңірінде қолға алынатын болды. Алдағы төрт жылдың бедерінде Маятас тау-кен байыту комбинаты пайдалануға беріледі. Жаңа инвестициялық жоба жүзеге асқанда 1200 жұмыс орны құрылады. “Қостанай тау-кен металлургия корпорациясы” ЖШС Бас директоры Сергей Кряжевских  пайдалы қазбаларды өндіру және өңдеу кластерін жолға қою үшін 315 млрд теңге инвестиция тартылатындығын тілге тиек етті.

 

– Комбинат 1200 жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр. Жаңа өндіріс ошағы  жылына 1,9 тоннаға дейін доре (алтын-күміс қорытпасы) құймасын  және 420 мың тонна полиметалл кендерінің концентратын өндіруді қолға алады,  – деді ол.  Тау-кен байыту комбинаты 2027 жылы пайдалануға берілмек.

 

Форумға қатысқан  “Полиметалл Еуразия” ЖШС Бас директоры Қанат Досмұхаметов өз ұсынысын ортаға салды.  Компания басшысы  осыдан төрт жыл бұрынғы кезеңмен  салыстырғанда 2030 жылға қарай парниктік газдың  шығымын 30% – ке дейін қысқартуға ниетті екенін айтты. Ол үшін кәсіпорын  2025 жылдың екінші тоқсанында күн және газ поршенді электр станцияларын пайдалануға беруді жоспарлап отыр.  Станция тәулік бойы алма-кезек жұмыс істейді.  Бұл көмір өндіруші стансалардың  ” лас ” электр энергиясынан бас тартуға мүмкіндік бермек.  Сондай-ақ, “Полиметалл” Федоров ауданында   700 гектарға   орман  ағаштарын отырғызу жоспарымен бөлісті. Форум барысында тараптар құны  700 млрд теңгеден асатын келісімдер мен меморандумға қол қойды. Толығырақ газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.

Әлібек ЫБЫРАЙ

Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

 

Жаңалықтармен бөлісу