Коммуналшылар қаланы бір аптада қардан тазалауға уәде берді

Коммуналшылар қаланы бір аптада қардан тазалауға уәде берді

Қостанайда қар аршу жұмыстарына бір жарым миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген. Қала жолдарының қарын күреп, шығарумен 5 мердігер ұйым айналысады.

Жаяу жүргіншілер мен көлік иелері тарапынан қар аршу жұмысына қатысты көп шағым айтылып жатқаны жасырын емес. Десек те, құбылмалы күн райына қарамастан, коммуналдық қызмет мамандары күні-түні жұмыстарын жалғастыруда.

Қалалық тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Денис Петрухноның айтуынша, алдымен орталық көшелердің қары аршылған соң, коммуналдық қызмет мамандары шеткі көшелерге ауысады.

– Көшелерді үш дәрежеге бөлеміз. Алғашқы орталық көшелердің және қоғамдық көліктердің жолы мен әлеуметтік маңызы бар нысандардың қары аршылады. Сосын барып жеке секторды қардан тазалауға кіріседі. Қала көшелерінің жалпы ұзындығы 500 шақырымға жетеді. 300-ден аса техника жұмылдырылған, – деді ТКШ бөлімінің басшысы.

Күндізгі қарбалас уақытта қар шығару мамандарға қиынға соғады. Өйткені, көлік ағыны көп болғандықтан, апатты жағдай  жиілеуі мүмкін. Сол себепті олар жұмысты түнгі ауысымда өндіріп істегенді құп көреді. Десек те, түнгі ауысымның да өз қиындықтары бар.

– Мердігер ұйымдар түнде көшелерді тазартуға шығады. Бірақ автотұрақтарда тұрған көлікті қашан алады деп күтіп тұра алмайды. Ыңғайы келгенше қарды күреп кете береді. Қар шығаратын техника келгенге дейін жатады. Қазір қарды сыртқа шығару қарқынды жүріп жатыр. Мұндай жағдайда полициямен алдын ала жұмыс істейміз, олар көлік иелерімен байланысып автомобильдерді алдыртады, – дейді ТКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Қайыржан Бажиров.

Полиция қызметкерлеріне шетелдік нөмірі бар көліктерді алдырту қиынға соғады екен, себебі Қазақстанның базасынан көлік иелерін табу мүмкін емес, енгізілмеген.

Мердігерлердің де жеке сектор тұрғындарына айтатын өз уәжі бар.

– Жеке меншік сектордан өтіп бара жатқан соң, қарды алып кетеміз. Біз кеткен соң олар қарды қайта төгіп, үйіп қояды. Сосын өзге тұрғындар “iKomek” ахуалдық орталығына хабарласып, бізді нашар тазалады деп шағымданады. Жеке сектор тұрғындары қарды біз келгенге дейін шығарса, алып кетеміз. Негізінде олар өздері шығарулары керек, – дейді мердігер.

Мердігер ұйымдармен келісім-шарт жыл басында ғана жасалған. ТКШ бөліміндегілер алдағы бір аптада қаланы қардан тазартуға уәде беріп отыр.

Сералы Мырзабай

 

Жаңалықтармен бөлісу