Көшпенділер ойынында жеңімпаз атанған торғайлық шабандозға құрмет көрсетілді

Көшпенділер ойынында жеңімпаз атанған торғайлық шабандозға құрмет көрсетілді

Таяуда Қырғыз Республикасында өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жерлесіміз Ахмет Есен ел намысын абыроймен қорғап, 300 шақырымдық алыс қашықтықтағы ат жарысында алтын медаль иеленген еді.

Осы айтулы жеңіске орай, Жангелдин ауданының әкімі Дінмұханбет Бидашев аудан әкімдігі атынан шабандозды жеңісімен құттықтап, ел беделін асқақтатқан еңбегіне ризашылығын білдірді. Сонымен қатар ұлттық спортты дамытуға, ат спортын дәріптеуге және атадан балаға мирас болған салт-дәстүрімізді насихаттауға қосып жүрген үлесі үшін сый-сияпат табыстады.

Ат жалында ер жетіп, дала төсінде тұлпармен бірге тыныстаған азаматтың өмір жолы – халқымыздың ұлттық салт-дәстүріне деген құрметтің, атадан балаға жалғасқан рухани сабақтастықтың айқын көрінісі. Аудан басшысы атақты спортшымен кездесуде қазақ халқы үшін жылқының орны қашанда ерекше болатынын, тұлпар халқымыздың тарихымен, тұрмыс-тіршілігімен және ұлттық болмысымен біте қайнасқан қасиетті ұғым екенін тілге тиек етті.

Ұзақ қашықтықты бағындыру спортшыдан жоғары дайындықты, төзімділікті, сабырлылықты және тұлпарымен ерекше үйлесімділікті талап етеді.    Дінмұханбет Серікұлы ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, ат спорты мен атқа міну мәдениетін өмір салтына айналдырған Ахмет Жалғасұлына алдағы уақытта да дүбірлі додаларда топ жарып, биік белестерді бағындырып, ел мерейін үстем ете беруіне тілектестігін білдірді. Тұлпарының тұяғы талмай, жеңісті жолдарын жалғастыра бергей!

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

                                                                                            Жангелдин ауданы