Сайысқа қатысушылар тәртіп пен төзімділігін, ептілігі мен мергендігін, білімі мен әскери машығын сынға салды. Әр команда білім ордасының намысын абыроймен қорғап, жеңіске деген жігері мен командалық бірлігін көрсетті.
Сайыс бірнеше кезең тұрады: белтемірге тартылу, денені жатып көтеру, АК-74 автоматын бөлшектеп-құрастыру, 10 метр қашықтықтан пневматикалық мылтықпен жатып ату және кросс. Жүгірістен ұлдар екі, қыздар бір шақырым қашықтықты бағындырды. 

Тартысты бәсеке қорытындысында ІІІ орынды Ә.Бөкейхан атындағы ЖББМ және А.Құнанбаев атындағы №6 мектеп-гимназия, ІІ орынды №7 ЖББМ, І орынды Кейкі батыр атындағы №4 ЖББМ жеңіп алды.
«Бұл жеңіс – балалардың табанды дайындығы мен ортақ еңбегінің нәтижесі. Сайыс барысында сарбаздарымыз тек күш пен ептілігін ғана емес, тәртіпке беріктігін, жауапкершілігін және бір-біріне деген сенімін көрсете білді. Әр кезеңде ұйымшылдық танытып, мектеп намысын абыроймен қорғады. Осындай жарыстар жасөспірімдердің бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастырып, жігерін шыңдап, ел алдындағы жауапкершілігін арттырады. Алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, елге қызмет ететін намысты азамат болып қалыптасуларына тілектеспін», – деді жарыс жеңімпаздарының жетекшісі Манарбек Байбосынұлы.
Қалалық білім бөлімі әдіскері Ерлан Болатбекұлы да сайыстың маңыздылығын алға тартты.
“Жас Сарбаз” сайысының басты мақсаты – жеңімпазды анықтау ғана емес, өскелең ұрпақтың бойына тәртіп, жауапкершілік, төзімділік пен отансүйгіштік қасиеттерді сіңіру. Бүгінгі додада оқушылардың әскери-қолданбалы даярлығы мен білімін ғана емес, олардың командалық рухын, өзара қолдауын және жеңіске деген жігерін де көрдік. Әрбір қатысушы өз білім ордасының намысын лайықты қорғап, жақсы дайындықпен келгенін көрсетті. Елдің ертеңгі қорғаны – білімді, тәртіпті, рухы мықты жастар. Сондықтан мұндай тағылымды шаралардың жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы ерекше. Барлық қатысушылар мен оларды дайындаған жетекшілерге алғыс білдіремін, жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймын», — деді ол.
Сындарлы сайысқа барлығы 66 оқушы мен 11 жетекші қатысты. Іс-шара бас — аяғы 100 адамды қамтыды. Бұл додадан жастар да ерекше алғанын айтады.
«Жас Сарбаз» сайысы мен үшін үлкен тәжірибе әрі өз қабілетімді сынауға жақсы мүмкіндік болды. Әр кезеңде күш пен жылдамдық қана емес, төзімділік, ептілік, дәлдік пен жинақылық қажет болды. Команда болып бір-бірімізді қолдап, ортақ мақсатқа жұмыла білдік. Жүлделі орынға ие болу – еңбегіміз бен дайындығымыздың нәтижесі. Бұл жетістік алдағы уақытта да өзімді шыңдап, жаңа белестерге ұмтылуыма үлкен жігер берді. Бізге сенім білдіріп, бағыт-бағдар берген жетекшілерімізге алғыс айтамын», — дейді сайыс жүлдегері Ғибрат Сәкенұлы.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы
