Көше тұрғындары Наурыз мейрамын мерекеледі

Көше тұрғындары Наурыз мейрамын мерекеледі

Айғожин көшесінің тұрғындары ауызбіршіліктің арқасында Ұлыстың ұлы күнін ұлықтады.

Олар бір үйдің баласындай ұйымшылдықпен қазақтың көне салт-дәстүрлерін қайта жаңғыртты. Әдеп-ғұрыпты насихаттап, өскелең ұрпақтың санасына үлгі өнегені сіңірді. Кимешек киген ақ жаулықты әжелер мен иықтарына оюлы шапан жапқан батагөй аталар мерекенің көркіне сән берді. Дәстүрлі үрдісті жалғаған көше тұрғындары көпшіліктің алғысына бөленді.

Мерекелік іс-шара Қыдыр атаның ақ батасымен бастау алды. Аудан әкімі Шота Оспанов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қарсақбай Бірмағанбетов, спорт ардагері Ербатыр Рахатов көше тұрғындарын Наурыз мейрамымен құттықтап, жылы лебіздерін жеткізді. Көше өнерпаздары ән салып, биші қыздар мың бұралып би биледі. Ақбоз киіз үйдің алдында жер ошақта, қара қазан, самауыр сақылдап қайнап жатты. Қазақы ауылдың исі аңқыған кеш қыза түсті.

“Біздің мақсатымыз көше тұрғындарының ынтымақ, береке, бірлігін нығайту. Осы шараның өткізу үшін көп дайындалдық. Тұрғындардың бірлігінің арқасында барлығы сәтті болды. Алдағы жылы осы дәстүрді басқа көшелер жалғастырса жақсы болар еді”, – дейді ұйымдастырушы Жұпаркүл Хамзина.

Шағын спорт алаңында қазақтың ұлттық спортынан жарыс өтті.

 

Байбатыр АХМЕТБЕКОВ

Жанкелдин ауданы

Жаңалықтармен бөлісу