Арқалық «Қаз поштасы» Наурыз мерекесін қарсы алды

Арқалық «Қаз поштасы» Наурыз мерекесін қарсы алды

Күн мен түнді теңелткен, тіршілік атаулының жанданар шағы Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамын арқалықтықтар әр мекеме, әр ұжым болып арқа-жарқа қарсы алуда.

Биыл елімізде тұңғыш рет Мемлекет басшысының ұсынысымен бекітілген «Наурызнама» онкүндігінің аясында күн сайын өткізіліп жатқан іс-шаралардың да ауқымы кең.

Наурыз онкүндігінің «Көрісу күні – Амал мерекесі», «Қайырымдылық күні», «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні», «Шаңырақ күні», «Ұлттық киім күні», «Жаңару күні», «Ұлттық спорт күні» күндері зор ілтипатпен аталып өтуде.

Наурыз дастарқанынан дәм татып, Наурыз бата алып, ұлттық салт-дәстүрді дәріптеген қала жұртшылығы шат-шадыман күй кешуде. Мерекелік іс-шараларға жиналған бар халық бір үйдің баласындай ынтымақтастық танытып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетілуде.

Наурыз мейрамын Наурыз көже жасап, ыстық ықыласпен қарсы алған ұжымдардың бірі – «Қаз пошта» АҚ Арқалық қалалық филиалы. Қыс құрсауынан шығып, көктемгі жайма-шуақ мезгілмен қауышқан ұжым тұтынушыларына шынайы пейілмен дәм татқызып, алғыс-баталарын алды.

 «Халқымыздың ең үлкен ұлы мейрамы Наурыз меркекесін ерте тұрып, Наурыз көжемізді дайындап, бауырсағымызды пісіріп, тарымызды қуырып дегендей ерекше бір сезіммен қарсы алып жатырмыз. Тұтынушыларымыз мерекелік көңіл-күйді сезініп жатыр ғой деп ойлаймыз. Ауыл және ауылдық округтерде еңбек ететін әріптестерімізді де ескердік. Ұлттық тағамнан дәм татқан ағайындар алғыстарын айтып, үлкен кісілер батасын беріп жатыр. Ұжымымыздың атынан барша қауымды мерекемен құттықтаймыз. Наурызымыз құт-береке әкеліп, еліміз көркейіп, гүлдене берсін», – дейді «Қаз пошта» АҚ Арқалық қалалық филиалының басшысы Айна Тасқожайқызы.

 

 

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

                                        Арқалық қаласы

 

Жаңалықтармен бөлісу