Көңілді байқау, орынды ұсыныс, түбегейлі шешім

Көңілді байқау, орынды ұсыныс, түбегейлі шешім

“Тобыл” баскетбол клубының жанкүйерлермен кездесуі кезінде өзара ашық байқау өткізілді. Нақтырақ айтқанда, алыс қашықтықтан себетке дәл түсірген қатысушы осы жердің зор қошеметіне ие болмақ. Келбеті спортшыға қарағанда зиялы қауым өкіліне келіңкірейтін, көзілдірікті, арықша біткен қара бала оң бұрыштан ептілік байқатты. Есімі – Аманкелді.

Ортаға келуін өтінген жүргізуші әлгінің себетке салып қолына ұстап тұрған үр жаңа добын өзімен бірге ала кетуін ұсынды. Берілген сыйлық осы екен. Мезетте кештің маңызды кейіпкеріне айналып үлгерген Аманкелді Елеусізов Аманкелді ауданының тумасы болып шықты. Бала кезінен “Тобыл” футбол командасының ойынын теледидар арқылы тамашалауды жанына серік етіп келген. Қостанайға оқуға түскелі бері стадион жағалап, команданың ойындарынан қол үзбей келе жатыр.

“Былтыр “Ақтөбеге” қарсы “Тобылдың” кубок ойыны өтіп жатқан. Жақын досым сары-жасылдардың арнайы тобы “Тобыл” баскетбол командасының ойындарына жанкүйерлік жасайтынын айтты. Қызығып кеттім. Оның үстіне, кіру тегін. Осылайша, былтыр күзден бері “Тобыл” баскетбол клубының да жанкүйері болып шыға келдім”, – дейді Аманкелді.

Аманкелдінің спорт төңірегінде айтары көп. Әсіресе, осындай бәскелердің басы-қасында жергілікті қара көздердің шоғырланғанын қалайды.

“Ел ағалары балалар спортын дамытуға көптеп көңіл бөлсе екен. Расын айтсам, мені “Тобыл” баскетбол командасы алаңда жергілікті спортшылардың көптеп белең алуымен тартты”, – дейді ол.

Ұжым болғасын оның кемшіліктері де болатыны түсінікті. Әсіресе, Валентин Лукиннің берген сауалы жиналған жұрттың көптен көкейінде жүрген жағдай. Клубқа бөлінетін қаржы көлемі анау айтқандай мардымсыз.

“Осы жылдан бастап сары-жасылдардың жанкүйерлер тобы осы баскетбол клубын қолдап келеміз. Жыл сайын не бары 100 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінетінін білдік. Ол клубтың жыртығын жамауға жетпейді. Сол себепті командамыздың сәтті жолға түсіп, игі бағыт алуына көмектескіміз келеді”, – дейді ол.

Кейбір жанкүйер қауым клубтың атрибуттарының жасалуына көңілдері толмайтынын айтады.

“Былтыр сезон аяқталар тұста “Тобылдың” “Ақтөбеге” қарсы үшінші орын үшін ойыны өтті. Біздің “We are Tobol” атты жанкүйерлерден құралған тобымызды осы ойынды қолдауға команда капитаны Шайым Қуанов шақырды. Ойын өте ұнады. Жаңа сезонның басталуын тағатсыз күттік. Содан бері “Тобыл” баскетбол командасымен біргеміз. Сондықтан командаға жаңа бір леп беретін басқа түсті формалар ойлап табуды ұсынар едім. Клубтың эмблемасын ауыстыру жұмыстары да көпшілікпен ақылдасып қолға алатын дүние екені көрініп тұр. Оны алдағы уақытта бірлесіп талқылайтын арнайы жиын өткізген абзал еді”, – дейді команда жанкүйері Артём Иванов.

Тағы бір айта кетерлігі, арнайы қолдауға келген жанкүйерлердің еңбегі еш кетіп жатқанға ұқсайды. Қолдады деген аты болмаса, эфирден ол кісілердің бейнесі сирек көрсетілуде. Бір сөзбен айтқанда, түсіру тобы бейнені бір бағыттан көбірек алғандықтан жанкүйерлер секторы әр ойын сайын кадрдан тыс қалып келеді. Арман Оразбаев есімді жанкүйердің бұл сауалы басшылық тарапынан тыс қалмауы тиіс.

Айбек Ғалымұлы

Жаңалықтармен бөлісу