8 млн теңге жүлде қорына 14 команда таласады.
17-23 тамыз аралығында Алматы облысы, Талғар ауданында көкпардан ХІІІ Қазақстан Республикасының чемпионаты 2008-2010 жылы туылған жасөспірімдер арасында өтеді. Жарыс 5 күнге созылмақ, жалпы қорытындысы 23 тамызда белгілі болады.
Дүбірлі додаға Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Ұлытау, Жетісу облыстарынан 14 команда жиналды.
Жүлде қоры 8 250 000 теңгені құрайды: Жеңімпаз командалардан бөлек «Үздік шабуылшы ат», «Үздік қорғаушы ат», «Үздік жекпе-жек ат», «Үздік ойыншы» номинацияларының жеңімпаздары қаржылай сыйлыққа ие болады.
Чемпионатты ұйымдастырушылар Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті мен Қазақстан Республикасы «Көкпар» федерациясы» РҚБ мен Алматы облысының әкімідігі.
Жобаның мақсаты жасөспірімдерді көкпарға баулу.
«Көкпарға қатысу үшін темір білек қана емес, батыл жүрек те керек. Қазақтың әр баласы батыр. Көкпаршы шахматшы да, боксшы да, ғалым да бола алады. Қаншама чемпиондар осы көкпардан шыққан. Алдағы уақытта халық сүйіп тамашалайтын бұл ойынды клубтық бағытта дамыту жоспарымыз бар. Біз командалық көкпарды жоғарғы деңгейге шығарғымыз келеді. Бұл осы спорттың дамуына үлес қосып жүрген әр жасөспірім үшін де үлкен мүмкіндік болмақ», – деді Федерация Президенті Айдарбек Қожаназаров.
Чемпионаттың бас демеушісі Самрұқ Қазына компаниясы. Бас серіктесі Спортты қолдау қоры.
