Кітапханада ақын Серікбай Оспанұлымен кездесу өтті

Кітапханада ақын Серікбай Оспанұлымен кездесу өтті

Қостанайда А. С. Пушкин атындағы қалалық балалар кітапханасында әйгілі ақын, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты, ғалым, Әлем халықтары Жазушылары Одағы мен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қостанай қаласы мен Қостанай облысының құрметті азаматы Серікбай Оспанұлының 80 жас мерейтойына арналған «Ақын адам – ақ көңіл» атты кітапханалық журфиксі  өтті.

Кітапхана қызметкерлерінің кездесуді өткізудегі мақсаты – елдің ыстық ықыласына бөленіп жүрген мақтаныш тұтар қаламгер жерлесіміз Серікбай Оспанұлының өнегелі өмір жолы және шығармашылығын оқушыларға таныстыру, жас буынның кітап оқуға ынтасын ояту, еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру болды. Іс-шараның шымылдығын мемлекеттік тілде білім беретін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектептің аяулы ұстазы Данагүл Монтайқызы Өтепбаева Серікбай ақынның сөзіне жазылған «Айлы түнде» әнін домбырамен шебер орындап, ашып берді.

“Бала кезде арылмаушы ем күнде ойдан:

«Балдай, осы атыңды алғаш кім қойған?!

Сонша тәтті бола ма екен жер деген,

Қант, кәмпит бар ма тыққан бір қоймаң?! – деп бала күнімде туған ауылды жырға қосып, ержеткенде сол тәттіліктің сыры неде жатқанын түйсіндім”, – деп, жырыменен сыр шертті ақын. Серікбай ағай әңгіменің бастауын тілге тиек еткен Балдай таудың баурайы – туған жері, өскен ортасы жайында сыр қозғап, балалық шағынан естен кетпес қызықты сәттерімен бөлісті.

Кітапханашылар Серікбай Оспанұлының  балалар базарлығына айналған 1981 жылы «Айгүл» деген атпен республикалық «Жалын» баспасынан жарық көрген  тұңғыш жинағы мен «Жалын» баспасынан жарық көрген «Қайнарбұлақ», «Батыр туралы баллада», «Шашу», «Балалар әдебиеті» баспасынан «Ең жақын кім адамға?», «Қостанай» баспасынан 2022 жылы шыққан «Ахмет ата», 2023 жылы оқырманға жол тартқан «Адамгершілік әліппесі» атты еңбектеріне тоқталып, шығармашылығы жайында баяндап берді.

Журфикстің көрермендері, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп пен Ахмет Бірімжанов атындағы мектеп және Qazbilim ұлттық лицейінің оқушылары және мұғалімдері «Балалар әдебиетіне келуіңізге қандай ықпал болды? Шығармашылық жақтан сізге бағыт-бағдар берген ұстаздарыңыз болды ма?» деген түрлі сауалдарын қойып, тұшымды жауаптарын алды.

Жылы шырайлы кездесу соңында кітапхана меңгерушісі Мәриям Бекқожақызы сөз алып, қазақ балалар әдебиетіне сүбелі үлес қосып, оның жан-жақты дамуына еңбек етіп жүрген бірегей тұлғаға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеп, қаламынан шыққан тамаша дүниелер қазақ әдебиетінің қоржынын толтыра берсін деген лебізін, ыстық ықыласын білдірді. Сонымен қатар іс-шара демеушілері болған кітапхана жанашырлары «Одевашка» жиһаздар дүкенінің иесі Юлия Малькова мен «Royal FlowersKostanay»гүлдер салонының атынан мерейтой иесіне естелік сыйлық пен гүл шоқтары табыс етілді.

 

Ботакөз Дүйсембаева,

Қостанай қалалық ОКЖ

А. С. Пушкин атындағы ҚБК

кітапханашысы

Жаңалықтармен бөлісу